Жақында «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында Екібастұз қаласы әкімдігі мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен, «Атамұра» мәдениет орталығының ұйымдастыруымен «Ауылым – өнер бесігім» атты фестиваль өтті.
Фестиваль шымылдығы дәстүр бойынша кіреберістегі қолөнер көрмесімен ашылды. Көрмеге көздің жауын алатын оюлы көрпешелер мен сырмақтар, түрлі ұлттық бұйымдар және дәстүрлі қолөнер туындылары қойылды.
Көрмеге қойылған бұйымдар арасында Қоянды ауылынан келген қолөнер шебері Нұржиян Мұздыбаеваның жұмыстары ерекше назар аударды. Ол жетекшісі Қазына Алпысбаевамен бірге фестивальға арнап Қыз Жібек пен Төлегеннің бас киімдерін дайындаған. Шебердің айтуынша, бұл бұйымдарды жасауға үш күн уақыт кеткен.
– Қолөнерге бала кезімнен қызығамын. Негізінен тоқыма өнерімен айналысамын. Алдымен ою-өрнектің үлгісін дайындап, содан кейін тоқуға кірісемін. Түрлі-түсті сөмкелер, моншақ пен лескадан жасалған бұйымдар әзірлеймін. Алдағы уақытта «Алтын оймақ» шығармашылық ұжымының он жылдығына орай қала мен ауылдарда шеберлік сабақтарын өткізуді жоспарлап отырмыз, – дейді Нұржиян Мұздыбаева.
Бәйет ауылының тұрғыны Раушан Жәкішева да қолөнермен айналысып, балаларға арналған жұмсақ ойыншықтар тігеді. Оның қолынан шыққан бұйымдардың арасында үй жануарларының бейнесі, қуыршақтар мен мультфильм кейіпкерлері бар. Сондай-ақ ол балаларға арналған көрпелер мен жастықтарды безендіреді.
– Тігін тігуді өткен жылдан бастап қолға алдым. Түрлі бұйымдарды арнайы шеберлік сабақтарынан алған үлгілер бойынша жасаймын. Көбіне жұмсақ ойыншықтар тігемін. Әр бұйымды ықыласпен жасап, өз қолтаңбамды қалыптастыруға тырысамын. Мен үшін қолөнер – адамның қиялы мен шеберлігін ұштастыратын өнер. Алдағы уақытта ұлттық ою-өрнектерді де жұмыстарыма көбірек енгізіп, осы бағытты дамытқым келеді, – дейді Раушан Жәкішева.
Қолөнер көрмесі ауыл шеберлерінің ізденісі мен ұлттық өнерге деген ықыласын танытса, фестивальдің негізгі бөлімінде өнерпаздар ән мен күйден, би мен көркемсөзден шашу шашты.
Сахна төріне көтерілген ауылдық клубтардың шығармашылық ұжымдары көрермендерге мазмұнды бағдарлама ұсынды. Бесқауға ауылының «Армандастар» ұлт аспаптар ансамблі халық әні – «Дүние-айды» орындаса, Сарықамыс аулының өнерпаздары Солтанбек Манейхан мен Қуандық Сайлаухан «Әгугай, домбыра» әнін шырқады. Ал Бесқауға ауылының орындаушысы Тілек Сайлаубай «Көк шолақ» әнін орындады.
Күй өнерін Ақкөл ауылының өнерпазы Оразәлі Шөпшин Құрманғазының «Балбырауын» күйімен дәріптеді. Атығай ауылының өнерпаздары «Жел киік» күйін орындаса, Қоянды ауылының «Ән домбыра, сән домбыра» үйірмесінің оқушылары «Алаш аманаты» күйімен көпшіліктің ықыласына бөленді.
Сонымен қатар Құдайкөл ауылының «Балдәурен» балалар вокалдық тобы мен Бәйет ауылының «Ақшағала» би тобы өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сарықамыс, Бозшакөл, Зеленая роща және басқа да ауылдардың өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды.
Көркемсөз оқу бағытында Бәйет ауылынан Нұрайым Еркінбай, Шиқылдақ ауылынан Айзере Нұрланқызы, Төртүй ауылынан Диляра Тасболатова және т.б. өнер көрсетіп, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Фестиваль барысында қатысушылардың орындаушылық шеберлігі, сахна мәдениеті мен әртістік қабілетіне де назар аударылды.
Мерекелік кеш Қоянды ауылы өнерпаздарының орындауындағы «Отан» әнімен түйінделді. Шара соңында көрме және шығармашылық бөлімдер бойынша үздіктер анықталып, қатысушылар марапатталды.
Ұлттық бұйымдар көрмесінде Бәйет ауылының шеберлері бірінші орынға ие болды. Ақкөл ауылы – екінші, Қоянды ауылы үшінші орынға лайық деп танылды. Ал шығармашылық бөлімде Қоянды ауылының өнерпаздары бірінші орынды иеленсе, Бәйет ауылы – екінші, Сарықамыс ауылы үшінші орынға тұрақтады. Фестивальға қатысқан барлық ұжымға алғыс хаттар табысталды.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ







