Павлодар облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының екінші полиция батальоны қоғамдық тәртіп пен маңызды нысандарды күзетуді қамтамасыз етеді. Мұнда қызмет ететін қатардағы полицей Ерасыл Қабиболлаевтың еңбек жолын бастағанына небәрі екі ай болды. Жиырма жасқа енді толғалы отырған жас маман үшін бұл — жауапкершілікті талап ететін жаңа өмір кезеңі. Ол қоғамдық тәртіпті сақтауға өз үлесін қосып жүр. Ал бұл мамандықты таңдауға оған бала күнінен үлгі болған әкесі себепкер болыпты.
«Әкем көп жылдан бері осы салада жұмыс істейді. Оның күнделікті қызметін көріп өскендіктен бе, бала кезімнен қызығып, кейін өзім де осы жолды таңдауға ниеттендім. Әкеме ұқсағым келді. Сөйтіп колледжден соң полицей болуды ұйғардым», — дейді бұл туралы жас полицей.
Ерасыл колледжде дене тәрбиесі және спорт мамандығы бойынша білім алған. Спорттық дайындық пен дене шынықтыруға деген қызығушылығы қазіргі қызметіне пайдасын тигізуде. Қызметтен тыс уақытта да спортпен айналысады. Өйткені тәртіп сақшысының жұмысы шымырлықты, жинақылық пен төзімділікті қажет етеді.
Полиция қатарына қосылар алдында Ерасыл секілді жас жігіттерді бір ай бойы казармада оқу-жаттығуға қатыстырады. Бұл кезеңде оларға қаруды ұстау және қолдану тәртібі түсіндіріліп, қауіпсіздік ережелері үйретіледі. Сонымен қатар әскери дағдыларын жетілдіруге бағытталған жаттығулар жүргізілген. Жас маман күзет қызметіне кіріспес бұрын екі айлық тағылымдамадан өткен.
Бүгінде Ерасыл Екібастұз өңіріндегі МАЭС-2 электр станциясы, сорғы станциялары секілді маңызды нысандардың күзетін қамтамасыз етуге қатысады.
Ерасылдың жан дүниесіне жақын тағы бір сала — музыка. Бос уақытында ол гитара мен домбырада ойнағанды ұнатады. Музыкаға деген сүйіспеншілігі де отбасынан дарыған. Әкесі де, анасы да осы аспаптарда ойнайды. Сондықтан олардың шаңырағында өнер мен әуеннің орны ерекше.
Ерасыл Ерланұлының қызмет жолы енді ғана басталды. Алда оны жаңа міндеттер күтіп тұр.
КЕНЖЕ ҚУАТ






