Кейде туған күн жүріп өткен жолыңа бір көз тастап, алдағы бағытыңды бағамдайтын сәтке айналады. Кеше 45 жасқа толған аға сержант Ерлан Жендобаев үшін биылғы жылдың мәні бөлек. Жиырма жылдан астам уақытын бір қызметке арнаған ол биыл сала мамандарына белгіленген еңбек өтіліне байланысты зейнетке шығуды жоспарлап отыр.
Май ауданының «Ақшиман» кеңшарынан әскер қатарына шақырылған Ерлан Қабиболлаұлы 2002 жылы Отан алдындағы борышын өтеді. Әскерден кейін еңбек жолын жеке күзет кәсіпорнынан бастады. Ал 2005 жылы Павлодар облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының екінші полиция батальонына қызметке орналасып, содан бері осы салада табан аудармай еңбек етіп келеді.
Талай кезекшілік, тексеріс, тосын жағдай мен жауапты сәттер өтті. Соның бәрінде Ерлан Жендобаев қырағылықты бір сәтке де босаңсытуға болмайтынына көзі жеткен.
Ол ұзақ уақыт жарылғыш заттар сақталатын қойманың бақылау пунктінде қызмет етті. Кеніштердегі жару жұмыстарына қажетті жарылғыш заттар қоймадан арнайы көлікпен шығарылады. Мұндай кезде жүктің құжаты ғана емес, оны тасымалдайтын көліктің техникалық жағдайына дейін тексеріледі. Қанша зат шығарылды, рұқсат қағазына сәйкес пе, тасымалдау тәртібі сақталған ба – бәрі бақылауда болуы тиіс. Болмашы салғырттықтың өзі үлкен проблемаға айналуы мүмкін.
Өйткені құжатта көрсетілген мөлшерден артық жарылғыш зат алып шығуға әрекет жасаған жағдайлар да кездескен. Ондайда аға сержант сәйкессіздікті байқап, заңсыз әрекеттің жолын кеседі. Қырағылығы мен адал қызметі ескерусіз қалған жоқ. Бірнеше рет сыйақы алып, көтермелеуге ие болды. Ведомстволық марапаттары да бар. Еңбек жолында тәртіптік жаза алмағаны да өзі ұстанған қызмет қағидасының бір көрсеткіші.
Жуырда ғана кабель ұрламақ болған екі жігітті тоқтатты. Аға сержант оларға заң талабын түсіндіріп, тиісті қызметті шақырған. Нәтижесінде жағдайды ушықтырмай, қару қолдануға жеткізбестен күдіктілерді тапсырған.
Ерлан Жендобаев полиция қызметкеріне ең алдымен үш қасиет керек деп есептейді: адалдық, қырағылық және тазалық. Мұндағы тазалықтың мағынасы терең.
Тексеріс кезінде жауапкершіліктен жалтарғысы келіп, ақша ұсынып, «келісуге» тырысатын адамдар да болған. Бірақ Е.Жендобаев мұндай ұсыныстарға көнбейді. Себебі бір рет ардан аттаған адамның кейін тазалық туралы айтуға моральдық құқығы қалмайды деп түсінеді.
Айтуға оңай қағида. Ал оны жиырма жыл бойы ұстану – басқа әңгіме.
– Қызметтің қиындығын үйге арқалап келмеу де жылдар бойы қалыптастырған әдетім. Жұмыстағы көңіл күй мен болған жағдайларды қызмет орнында қалдыруға тырысамын. Өйткені үйдің өз тірлігі, отбасының өз жылуы бар. Табалдырықтан аттаған соң мен – отағасы, әкемін, – дейді Ерлан Қабиболлаұлы.
Жары Меруерт Сыздықова екеуі ұл мен қыз тәрбиелеп өсірді. Бала тәрбиесіне қашанда тиянақты қараған әке үшін перзентінің қандай адам болып қалыптасқаны маңызды. Сондықтан ұлы осы саланы таңдағанда, іштей қуанған.
Биыл зейнетке шығатын уақыт та келді. Осындай кезде адам өткеніне есеп береді. Ерланның жиырма жылдан астам қызметінде тәртіптік жазаның болмауы, заңсыз әрекеттердің жолын кескен сәттері, алған марапаттары осы есептің жауабы іспетті. Ерлан үшін сол абыройдың өзегі – адалдық.
Кейінгі буынға айтар сөзі көп емес. Бірақ салмағы бар.
– Жастарға айтарым – қандай істі қолға алса да, адалдықты алдыңғы орынға қойса екен. Біздің қызметте қырағылық пен жауапкершіліктің орны бөлек. Кейде бір сәттік салғырттықтың өзі көп нәрсеге әсер етуі мүмкін. Сондықтан тәртіпке берік болып, ардың алдында таза қызмет ету – ең басты қағида, – дейді Ерлан Жендобаев.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ






