Ел тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында ұзақ жыл еңбек еткен азаматтардың өмір жолы – кейінгі буынға әрдайым үлгі. Өз ісіне адалдықты, қызметіне жауапкершілікті серік еткен сондай жандардың бірі – құқық қорғау органдарының ардагері, полиция старшинасы Қалмағамбет Омаров.
Ол құқық қорғау саласында 27 жыл еңбек етіп, қатардағы қызметкерден батальон старшинасы деңгейіне жетті. Осы жылдар ішінде кәсіби тәжірибе жинап, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды.
Қалмағамбет Омаров 1967 жылы Павлодар облысының Лебяжі ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын Екібастұз қаласындағы жолаушылар тасымалы комбинатында жүргізуші болып бастаған. Ал 1991 жылы полиция қызметіне келіп, Павлодар облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының екінші полиция батальонына жұмысқа орналасады.
Алғашқы күндерінен-ақ тәртіп пен жауапкершілікті басты орынға қойған жас қызметкер Павлодар қаласында арнайы дайындықтан өтіп, кіші сержант шенін алады. Еңбек жолының бастапқы кезеңінде мобильді топ құрамында қызмет атқарып, кейін мемлекеттік банктерді күзету міндетін атқарады.
Жауапты нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қырағылықты, мұқияттылықты және темірдей тәртіпті талап ететін жұмыс. Қызмет барысында жинаған тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің арқасында Қалмағамбет Омаровтың міндеттері де біртіндеп кеңейе түсті. Ол бөлімше командирі, командирдің көмекшісі қызметтерін атқарып, кейін батальон старшинасы лауазымына тағайындалды. Осы қызметте жүріп, 2018 жылы зейнет демалысына шықты.
Ардагердің айтуынша, құқық қорғау қызметінде кәсіби біліктілікпен қатар, адамгершілік қасиеттер де ерекше маңызға ие.
– Полиция қызметкері адал, ар-ұяты таза, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын азамат болуы керек. Ең бастысы – халыққа қызмет ету. Біздің міндетіміз – қоғам тыныштығын сақтау, мемлекет пен тұрғындардың мүлкін қорғау, ұрлықтың алдын алу. Қай қызметте жүрсең де, өз жұмысыңа жауапкершілікпен қарау маңызды, – дейді Қалмағамбет Құсайынұлы.
Зейнетке шыққанымен, ардагер өзі еңбек еткен саладан қол үзген жоқ. Бұрынғы әріптестерімен байланысын үзбей, түрлі кездесулер мен жиындарға қатысып тұрады. Әсіресе жас полицейлермен жүздесіп, өмірлік тәжірибесін бөлісуді маңызды санайды.
– Қазір де шақырған жерге барып, жас қызметкерлермен кездесіп тұрамын. Бүгінгі жастардың мүмкіндіктері мол. Кезінде сержант болып бастаған әріптестерімнің бүгінде жауапты қызметтер атқарып жүргенін көріп, қуанамын. Бірге еңбек еткен азаматтардың өсіп, жетістікке жеткені көңілге қуаныш ұялатады. Мерекелерде құттықтап, ардагерлерге құрмет көрсетіп тұратын батальон басшылығына да ризашылығымды білдіремін, – дейді ол.
Қызмет жолында жауапкершілікті ту еткен Қалмағамбет Омаров – бүгінде екі баланың әкесі, немерелерінің атасы. Қызы Әдия жоғары оқу орнын тәмамдап, отбасын құрған. Ал ұлы Әділ педагогикалық жоғары оқу орнын бітіріп, қазір Астана қаласында денешынықтыру пәнінің мұғалімі әрі күрес жаттықтырушысы болып еңбек етеді.
Қалмағамбет Омаровтың өмір жолы – бір мамандыққа адалдық танытып, жүктелген міндетті абыроймен атқарудың үлгісі. Ол үшін полиция қызметінің басты мақсаты – халық алдындағы жауапкершілікті сезініп, ел мүддесін бәрінен жоғары қою.
– Халық алдында адал қызмет етуге ант берген әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен азаматтардың құқықтарын қорғау қашанда басты назарда болуы керек. Халықтың сеніміне ие болу – қызметімізді бағалаудың незігі өлшемі. Ал ол отансүйгіштіктен, өз ісіңе адал болудан басталады. Құқық қорғау саласының жүгі ауыр, тәртібі қатаң. Кейінгі буын осыны терең түсініп, елге адал қызмет етсе деймін. Ел тыныштығын қорғап жүрген полиция қызметкерлерінің еңбегі әрдайым лайықты бағалана берсін, – дейді ардагер.
Ділназ Серікбай





