Екібастұз қаласының әлеуметтік қызметкері Айгүл Сағындықова Павлодар облысында өткен «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері» байқауында бірінші орын иеленді.
Айгүл Қайырқызы қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінде еңбек етеді. Ол әлеуметтік қызмет саласында 23 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде жалғызбасты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, олардың күнделікті тұрмысына қолғабыс етумен келеді.
«Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері» байқауы әлеуметтік қорғау саласының дамуына және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосып жүрген мамандардың кәсіби жетістіктері мен инновациялық бастамаларын қолдау мақсатында ұйымдастырылды.
Байқау талаптарына сәйкес, қатысушылардың әлеуметтік қызметкер ретіндегі еңбек өтілі кемінде жеті жыл болуы, мемлекеттік тілді еркін меңгеруі және кәсіби жетістіктері ескерілуі тиіс. Сонымен қатар, үміткерлер атқарған жұмыстары мен жүзеге асырған жобаларын таныстыратын материалдар және қысқаша бейнеролик ұсынды.
Айгүл Сағындықова байқауға жалғызбасты қарттармен және мүгедектігі бар адамдармен жүргізетін жұмысы туралы бейнеролик дайындап, кәсіби тәжірибесін таныстырды. Қорытындысында жерлесіміз жоғары нәтиже көрсетіп, бірінші орынға ие болды.
– Әлеуметтік қызметкер болып еңбек етіп келе жатқаныма 23 жыл болды. Осы жылдар ішінде әлеуметтік жұмыстың менің жан қалауым екенін түсіндім. Күн сайын көмек пен қолдауға, жылы сөзге мұқтаж жандарға демеу болуға тырысамын. Бұл мамандық адамға жақсылық жасауға, қолдау көрсетіп, қамқорлық танытуға мүмкіндік береді, – дейді Айгүл Қайырқызы.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ





