Білім саласы қызметкерлері Республика күнін атап өту үшін 22 қазанда Естай атындағы балалар музыка мектебінің концерт залында бас қосты.
Еліміздің Әнұраны ойналып, сахнаға көтерілген қалалық білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова ұстаздар қауымын мерекемен құттықтады. Содан соң Екібастұз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан жеке үлесі, адал еңбегі, белсенді өмірлік ұстанымы үшін және Қазақстан Республикасы күнін мерекелеуге байланысты бірқатар адамға Екібастұз қаласы әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын табыс етті.
Жалпы, мерекелік шарада білім саласы қызметкерлерінің адал еңбектері басқа да марапаттармен бағаланды. Инновациялық Еуразия университетінің Жоғары Екібастұз колледжі директорының қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары Бақыт Спанқұлова «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Ал №13 жалпы орта білім беру мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ирина Ковинько мен №25 қазақ қыздары гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Еркем Әділоваға Павлодар облысы білім беру басқармасының құрмет грамотасы тапсырылды.
Павлодар облысы білім беру басқармасының алғыс хатын №5 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бақытгүл Ергебаева, Сарықамыс мектебінің педагог-психологы Береке Болатхан және №12 сәбилер бақшасының әдіскері Махаббат Смағұлова алды.
№11 мектептің басшысы Ержан Зәкен мен №35 гимназия-мектебінің басшысы Нұргүл Жаналиева қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін», №10 мектептің кәсіподақ комитетінің төрағасы Бақыт Марданова және №36 лицей-мектебінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Гүлмира Рамазанова «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Марапаттаудан соң жиналған қауым мазмұнды концертті тамашалады. Домбырашылар күй тартып, «Алаш аманаты» деп аталған сахналық көрініс көрсетіліп, «Самға» вокалдық ансамблі «Туған жер» әнін, Гүлзат Әбдікәрімова «Қанеки, тілім сөйлеші» термесін орындады. «Рухтың асқары» деп аталған мерекелік шара Естай атындағы балалар музыка мектебінің хоры орындаған «Рух» әнімен аяқталды.
Ж.БҰЛАНБАЙ






