Екібастұз қаласындағы №24 гимназия-мектебінде бүгінде ерекше білім беруді қажет ететін 17 бала білім алады. Республика күніне орай мұнда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар арасында «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» атты ашық турнир өтті. Жарысқа №5, 6, 10, 13, 24, 26 және 23 мектептердің оқушылары қатысып, асық ату, арқан тарту және қол күресінен бақ сынады.
Турнирді ұйымдастырушылар ұлттық спортты дәріптей отыра балалардың өз мүмкіндіктерін танытуына, ортаға бейімделіп, қатарластарымен етене араласуына жағдай жасауды мақсат тұтыпты. Жарыс барысында балалар әр сайысқа ықыласпен қатысып, жеңіске деген жігерін көрсетті.
Әсіресе қол күресі тартысты өтті. «Күш атасын танымас» демей ме, дене бітімі шағын кейбір балалар өзінен ірі қарсыластарын жеңіп кетті. Арқан тартуда да тартысты бәсеке қызды. Қыздардан құралған команда ұйымшылдығымен ерекшеленді.
Жарыс нәтижесінде 1-орынды – №24 гимназия-мектебі, 2-орынды – №13 мектеп, 3- орынды №5 мектеп иеленді. Ойынға қатысқан өзге де командалар түрлі аталымдарда марапатталды.
Бұл бастаманың жалғасын табуына мектеп директоры Жазира Сыздықова ерекше мән беріп отыр. Ол ұлттық спортты дамыту үшін нақты қадам жасап, асық атуға арналған кәсіби кілем сатып алған. Мұндай арнайы кілем қаладағы екі мектепте ғана бар екен. Алдағы уақытта садақ атуға қажетті жабдықтар алып, спорттың осы түрін дамытуды жоспарлап отыр. Турнир соңында Жазира Сыздықова жеңімпаздарды марапаттап, қатысушыларға қолдау көрсетті.
Сайыс туралы ойын білдірген белсенді ана Айжан Күртебаеваның айтуынша, бұл бастама қаламызда адаптивті спортты дамытуға серпін береді.
– Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылардың зор қызығушылығын тудырды. Балалар жарысқа белсене қатысып, өз мүмкіндіктерін көрсетіп, жарқын әсерге бөленді және лайықты марапаттарға ие болды. Қатысушылардың бірқатарының осы спорт түрімен тұрақты түрде айналысуға ниет білдіргені қуантады. Спорттың мүмкіндігі шектеулі балалардың өміріндегі маңызы ерекше. Ол денсаулықты нығайтып, өзіне сенімділігін арттыруға, жаңа достар табуға және қоғамдық өмірге белсенді араласуға, жарыстарға қатысуға мүмкіндік береді. Игі іс жалғасын тауып, алдағы уақытта қатысушылар қатары көбейеді деген үміттеміз, – дейді ол.
Іс-шараны қолдаған серіктестер де өз үлесін қосты. «Измир» дәмханасы қатысушыларға тәттілер мен сусын ұсынса, «Санлин» футбол клубы жеңімпаздарға арналған кубоктар мен медальдар табыстады.
Г.МЕДЕУБАЙТЕГІ







