Ел-жұрт егемен еліміздің ұлық мерекесін шат-шадыман көңіл күйде атап өтті. Осыдан отыз алты жыл бұрын, яғни, 1990 жылдың 25 қазанында Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған болатын. Бұл тарихи құжат тәуелсіздікке бастаған алғашқы қадам болып, заманауи мемлекетіміздің берік іргетасын қалап, содан бері Қазақ Елі өркендеу үстінде.
«Шахтер» саябағында өткен Мемлекеттік Туды көтеру салтанатында да жиналған қауымның кеуделерін мақтаныш кернеді. Абай атындағы №2 қазақ мектебінің бастауыш әскери дайындық пәнінің мұғалімі Қуат Нұркеев қала әкімі Аян Бейсекинге рапорт беріп, самбодан әлем чемпионы Айнұр Мүкарам мен мемлекеттік күзет қызметінің қызметкері Дархан Құрманшаров тутұғырға байланған көк байрағымызды көкке желбіретті. Әнші Дәурен Төлеубаев еліміздің Әнұранын орындап, сапқа тізілген үлкен-кіші қосыла бірге шырқады. Келесі сәтте әнші Арман Рай:
– Көк Тудың желбірегені
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен Ту,
Жан емес, маған керегі –
Көк Тудың желбірегені, – деп асқақтата ән айтып, жүректерді шымырлатты.
Жалпы, елжандылыққа үндейтін осындай іс-шаралар Отанға деген патриоттық сезімді лаулатып, егемен елде өмір сүрудің қадірін көкірекке ұялатады.
Айтпақшы, «Шахтер» саябағында жаңадан орнатылған тутұғырдың биіктігі 34 метр екен. Еліміздің мәртебесі де әрдайым биік болғай!
Ж. Жәлелұлы








