Қала әкімінің кезекті есеп беру кездесуі Солнечный кентінде жалғасты. Жиында тұрғындар көшелерді жарықтандыру, балалар ойын алаңдарының жағдайы және иесіз қалған пәтерлер жайын көтерді. Сонымен қатар кентте атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдіргендер де болды.
Кездесуде алғашқылардың бірі болып сөз алған Евгений Герингер биыл қызметіне кіріскен кент әкімінің жұмысына көңілі толатынын жеткізді. Дегенмен оның қала әкіміне жолдар сауалы да бар.
– «Жеңіс» саябағы мен Абай алаңындағы жарық шамдары тым төмен орналасқандықтан, жасөспімдер оларды сындырып, қиратып тастаған. Екібастұздағы «Кеншілер» саябағындағыдай шамдарды биік етіп орнатса, дұрыс болар еді, – деді кент тұрғыны.
Қала әкімі Аян Бейсекин бұл мәселені кенттің жалпы инфрақұрылымын жаңарту аясында қарастыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, алдымен аулалар мен жеке сектордағы жолдарды жөндеу, балалар және спорт алаңдарының жағдайын жақсарту жоспарланып отыр. Осы жұмыстардан кейін жарықтандыру жүйесін жаңғырту мәселесі қолға алынбақ. Жалпы, кенттің инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңарту алдағы екі-үш жылға жоспарланған.
Жиында балалар ойын алаңдарының жай-күйі де сөз болды. Тұрғындардың айтуынша, кейбір жасөспірімдер алаңдардағы жабдықтарды бүлдіріп, ортақ мүлікке зиян келтіреді. Мұндай жағдайларға байланысты полицияға бірнеше рет шағым түсірілген. Осыған орай ойын алаңдарын күтіп ұстаумен қатар олардың жабдықтарының сақталуына да назар аудару қажеттігі айтылды.
Кездесуде тұрғын үй мәселесі де сөз болды. Кент тұрғыны Дамир Абай көшесі, 8 мекенжайындағы үйде орналасқан иесіз пәтердің салдарынан анасының баспанасын су басқанын жеткізді.
– Кентімізде иесіз қалған пәтерлер бар. Анам тұратын үйдің жоғарғы қабатындағы пәтердің иесі жоқ, терезесі үнемі ашық тұрады. Оның үстіне, жылу батареялары да істен шыққан. Соның салдарынан анамның пәтерін су басты. Әкімдік мамандарына хабарласып, мәселені өзіміз барып шешуге тура келді, – деді ол.
Қала әкімі бұл мәселені тиісті бөлімдерге тапсырып, жағдайды тексеруді міндеттеді. Пәтердің құқықтық мәртебесін анықтап, заң аясында тиісті шаралар қабылдау қажеттігі айтылды. Егер оны коммуналдық меншікке өткізуге заңды негіз болса, құжаттарын рәсімдеу және жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылмақ. Кейін баспананы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беру мүмкіндігі де назарға алынбақ.
Кездесу барысында тұрғындар кентте атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Атап айтқанда, Юлия Дворянова
№ 16 мектептің ауласына асфальт төселгеніне ризашылығын білдірді.
– Бүгін түнімен жаңбыр жауды. Соған қарамастан балаларымыз мектепке аяқ киімдерін былғамай, таза жетті. Аулаға сапалы асфальт төселген. Осы жұмыс үшін алғысымды білдіремін, – деді ол.
Кездесуде көтерілген мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Осылайша, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин тұрғындар көтерген бірде-бір мәселені назардан тыс қалдырмады. Кейбір мәселелер жедел бақылауға алынса, енді бірқатарын шешу үшін уақыт қажет екені айтылды. Ендігі кезекте тұрғындарды толғандырған түйткілдердің шешімін тауып, жоспарланған жұмыстарды сапалы орындау маңызды.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ






