Қала әкімінің кезекті есеп беру кездесуі Шиқылдақ ауылында өтті. Қаладан 90 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекенде бүгінде 475 тұрғын бар. Ауылда мектеп, клуб, заманауи балалар ойын алаңы мен футбол алаңы, медициналық пункт және пошта қызметі жұмыс істейді. Дегенмен ауыл тіршілігінде шешімін күткен мәселелер де жоқ емес.
Тұрғындарды алаңдатып отырған негізгі мәселелердің бірі – ауыл ішіндегі қоқыс полигоны. Ауыл тұрғыны Дүйсен Базарбайдың айтуынша, мұнда тұрмыстық қалдықтармен қатар, малдың терісі мен жүн де көп мөлшерде жиналады. Әсіресе жаз мезгілінде қалдықтардан жағымсыз иіс шығып, бұл ауыл тұрғындарына қолайсыздық тудырады.
Қала әкімі Аян Бейсекин қалдықтарды ретсіз жинауға жол бермеу қажеттігін айтып, жүнді өңдеу ісін кәсіп ретінде дамытуды ұсынды.
– Жүнді қоқыс полигонына тастауға болмайды. Оны өртеп немесе тиісті жолмен өңдеу қажет. Егер араларыңызда жүн өңдеумен айналысуға ниетті кәсіпкер болса, мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржыландыру мүмкіндігін қарастырамыз. Бұл жұмыспен жеке кәсіпкер айналысуы тиіс, – деді қала әкімі.
Тұрғындардың уәжін тыңдаған қала басшылығы мәселені назарға алып, ауыл әкімі Гүлнәр Еңсебаеваға тиісті шараларды қарастыруды тапсырды.
Ауылда көтерілген тағы бір мәселе – төрт түлікті өріске шығару. Соңғы уақытта тұрғындар ортақ бақташы таба алмай, мал бағу кезегін ұйымдастыруда қиындықтарға тап болған.
– Ауызбіршілік танытып, малды кезекпен бағасыздар ма, әлде бір бақташы жалдап, оған жалақы төлейсіздер ме – мұны ауыл болып ақылдасып шешу керек, – деді Аян Бейсекин.
Кездесуде әлеуметтік мәселелер де сөз болды. Атап айтқанда, ауыл тұрғыны Сәулім Бохан отбасының баспана жағдайын баяндады. Мүгедектігі бар баласы мен жолдасына күтім жасап отырған әйелдің айтуынша, қазіргі тұрып жатқан үйі апатты жағдайда, тіпті құлау қаупі бар. Осыған байланысты ол қала әкімінен көмек сұрады.
Қала әкімі мемлекеттік бюджет есебінен тұрғын үйді жөндеуге арналған бағдарлама қарастырылмағанын түсіндірді. Сонымен қатар, тиісті құжаттарды реттеп, белгіленген тәртіппен тұрғын үй кезегіне тұруға болатынын айтты.
Есеп беру кездесуінен кейін қала әкімі Аян Бейсекин ауыл тұрғындарын жеке мәселелермен қабылдады. Бұл ретте тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өтініштері мен ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік алды.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ





