Қала әкімдігінде көпбалалы аналарды мемлекеттік наградалармен марапаттауға арналған салтанатты шара өтті. Кездесуде шаһар басшысы Аян Бейсекин ардақты аналарды құттықтап, олардың бала тәрбиесіндегі еңбегі мен отбасы құндылықтарын сақтаудағы рөлін атап өтті.
– Бұл марапат – сіздердің ұрпақ тәрбиесіндегі адал еңбектеріңізге, жас буынның болашағы үшін атқарып отырған игі істеріңізге көрсетілген зор құрмет. Ана жүрегі – адамға өмір бойы жылу сыйлайтын сарқылмас махаббаттың қайнар көзі. Бала бойына ізгіліктің дәнін сеуіп, адамгершілік қасиетті қалыптастыратын, өмірден өз жолын табуына бағыт-бағдар беретін де – ана. Балаларыңыз әрдайым мақтаныштарыңызға айналып, жетістіктерімен қуанта берсін, сіздерге тірек болып, құрмет көрсетсін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, бақыт пен жылулық тілеймін, – деді Аян Бейсекин.
Салтанатты рәсімде жеті баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелегені үшін Инара Есіркепова, Орынгүл Нағұманова және Мейрамгүл Сыздықова «Алтын алқа» төсбелгісімен марапатталды.
Ал Ақмарал Жетпісбаева, Алмагүл Жұманазарова, Гүлназ Қадырова, Баянсұлу Кекібаева, Юлия Киреева, Әсель Кунаева, Гүлжанат Нұрмағанбетова және Рымжан Тасыбаева «Күміс алқа» иегері атанды.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ






