Қазіргі таңда Екібастұз қаласында әлеуметтік қорғау жүйесінде 80-нен астам қызметкер еңбек етіп, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп келеді. Олардың жұмысы адам тағдырымен тығыз байланысты болғандықтан, бұл сала мамандарынан үлкен жауапкершілік пен жанашырлықты талап етеді.
Қазан айының соңғы жексенбісі – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осы мерекеге орай Естай атындағы балалар музыка мектебінде «Мейірім шуағы» атты мерекелік концерт өтті. Жиында әлеуметтік сала қызметкерлеріне алғыс айтылып, бірқатар маман марапатталды.
Салтанатты шарада Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Сіздердің еңбектеріңіз үлкен жауапкершілік пен жанашырлықты талап етеді. Атқарып жүрген жұмыстарыңыздың артында адам тағдыры, үміт пен болашаққа деген сенім тұр. Сондықтан сіздердің игі істеріңіз әрдайым жоғары бағаланады, – деді ол.
Мерекелік жиында әлеуметтік қорғау жүйесінде адал еңбек етіп жүрген бірқатар мамандарға Екібастұз қаласы әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хаттары табысталды. Марапат иелерінің қатарында әлеуметтік педагогтер: Гүлзат Алдамжар, Айсана Мұхиден, Махаббат Сеитова, Лариса Урюмцева, Самал Идрисова, Айнұр Әбділдина, Даяна Дерменова, Махаббат Кожина, Виолетта Савельева мен Анастасия Иванова бар. Сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас маманы Елена Крайсман мен жетекші маманы Асият Мубаракова, халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлері: Айнаш Мурзалина, Маруа Шакенова, Қымбат Амирханова, Алмагүл Батталова, Бақытгүл Бейсембаева, Елена Какажанова және Татьяна Кихай да марапатқа ие болды.
Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының құрмет грамотасымен халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бөлімшесінің меңгерушісі Бейбітгүл Қибашева мен Екібастұз қаласы мансап орталығы филиалының сектор меңгерушісі Салтанат Каленова марапатталды. Ал басқарма басшысының алғыс хаты өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған орталықтың дезинфекторы Айтжамал Жакуповаға табысталды.
Павлодар облысы бойынша Еңбек ұтқырлығы орталығы директорының алғыс хатына Екібастұз қаласы мансап орталығы филиалының мамандары Айнаш Дүйсенғұлова мен Венера Сагадиева ие болды.
Әлеуметтік саладағы маңызды бағыттардың бірі – балалардың құқығы мен мүддесін қорғау. Бұл ретте әлеуметтік педагогтер оқушылардың жағдайын назарда ұстап, қиындыққа тап болған балаларға қолдау көрсетеді. №16 жалпы орта білім беру мектебінің әлеуметтік педагогі Айнұр Әбділдина осы салада сегіз жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, әр баланың жағдайына түсіністікпен қарап, қажет кезінде көмек көрсету – маманның басты міндеті.
– Өз мамандығымды жақсы көремін. Әлеуметтік педагогтің жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әр баланың жағдайын назарда ұстап, оның қамқорлықсыз қалмауына мән беруіміз керек. Жұмыс барысында түрлі жағдайлар кездеседі. Осындай кезде баланың мүддесін қорғап, оған қажетті қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз, – дейді Айнұр Әбділдина.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты. «Арман-Інжу» вокалды-эстрадалық ұжымы «Қазағым-ай» әнін орындаса, жас күйшілер Міржан Мадияр мен Айбек Алпыс күй тартты. Сондай-ақ «Орнамент» және «Очарование» хореографиялық ансамбльдері әсем билерімен көрермендердің қошеметіне бөленді. Мерекелік шараны «Қазақстаным менің» әні қорытындылады.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ







