Сүйікті шаһарымызда қоңыр күз орнығып, көңілге шуағын сыйлап тұр. 24 қазан күні де ауа райы еңбек етуге қолайлы болды.
Мұны сәтімен пайдаға жаратқан екібастұздықтар «Шахтер» саябағына жиналып, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған күзгі ағаш егу акциясына белсене қатысты. Еңбек ардагерлері жастармен тізе қосып саябақ ішінде 100-ден астам сүмбіл терек отырғызды. Атап өтетін жайт, қала әкімдігінің ТҮКШ, АЖ және ЖК бөлімі жұмысқа қажетті құрал-жарақтарды әзірлеп, шұқырларды қазғызып, қара топырақты жеткіздіріп қойған екен.
Жұмыла қимылдаған үлкен-кішімен бірге қала әкімі Аян Бейсекин де ағаш отырғызып, журналистерге сұхбат берді.
– «Шахтер» саябағын абаттандыру жалғасып жатыр. Биылғы күз мұнда 3 мыңға жуық түп ағаш отырғызылды. Ендігі міндет – жасыл желекті күтіп ұстап, жерсініп кетуін бақылау. Саябақтағы жерасты суару жүйесінің жалпы қашықтығы 32 километрді құрайды. Соны ұқыпты ұстап, тиімді пайдалану қажет, – деді Аян Уахитұлы.
Жалпы, акцияға қатысушылар да орталық саябақтың жаңарғаны көңіл қуантатынын айтып, Қазақстанның Еңбек Ері Мұрат Қайыргелдин мен қалалық ардагерлер кеңесінің Солтүстік округтегі төрағасы Фания Решетникова екібастұздықтарды саябақтағы атқарылған игі істерге жанашырлықпен қарауға шақырды.
Ж.БҰЛАНБАЙ






