Қазақстан Республикасының күніне орай Екібастұзда «Тәуелсіздік ұланы» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Биыл байқауға 100-ден астам өтінім түсіп, олардың ішінен 30 үміткер облыстық кезеңге жолдама алған еді. Қазылар алқасының шешімімен ғылым, шығармашылық және спорт салаларында үздік нәтиже көрсеткен он оқушы жеңімпаз атанып, қала әкімінің қолынан төсбелгі тағып, ақшалай сыйақыға ие болды.
Салтанатты рәсімнің ашылуында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов тікелей эфир арқылы жас жеткіншектерді құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді. Телекөпірден кейін екібастұздық жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті.
Қала әкімі Аян Бейсекин оқушыларды жетістіктерімен құттықтап, олардың білім мен ізденіс жолындағы еңбегіне жоғары баға берді.
– «Тәуелсіздік ұланы» төсбелгісіне ие болу – еңбектің, талап пен табандылықтың нәтижесі. Алға ұмтылып, жаңа белестерді бағындырғысы келетін жастарға барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы – әрдайым дұрыс таңдау жасап, жаңа істерді қолға алудан қорықпау және білімге құштар болу. Сонда ғана жоғары жетістіктерге қол жеткізесіздер. Білімде терең, спортта шыныққан, өмірде адал болыңыздар, – деді қала әкімі.
Марапат иелері қатарында ғылыми-техникалық шығармашылық және оқу-зерттеу қызметі номинациясында №18 мектептің оқушысы Даниял Нұрымжан, Сарықамыс жалпы орта білім беру мектебінің 5-сынып оқушысы Мұстафа Салауатұлы және Абай атындағы №2 мектептің 10-сынып оқушысы Нұрай Сансызбайқызы бар.
Шығармашылық шеберлік номинациясында №33 мектептің 11-сынып оқушылары Нұрай Игілік пен Гүлзана Жұмағалиқызы, «Зерде» мамандандырылған лицей-мектебінің 8-сынып оқушысы Раяна Чалдаева және дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» облыстық лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Юсуф Ситдиков үздіктер қатарынан көрінді.
Ал спорттық шеберлік номинациясында №23 мектептің 9-сынып оқушысы Малика Рапагатова, №36 лицей-мектебінің 9-сынып оқушысы Елнұр Рыспай және №10 мектептің 10-сынып оқушысы Дарина Нигматуллина марапатқа ие болды.
Бұл марапат – жас буынның бүгінгі еңбегіне берілген баға, олардың алдағы жетістіктеріне деген сенім. Білімде, өнерде және спортта биіктерді бағындырып жүрген жас өрендердің жетістігі қатарластарына үлгі болып, ел ертеңіне деген сенімді нығайта түседі.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ





