23 қазанда «Өнер» мәдениет сарайында Республика күніне арналған мерекелік іс-шара өткізілді. Залға Мемлекеттік Ту енгізіліп, әнші Бауырбек Бектеміров еліміздің Әнұранын орындаған соң, жиналған қауым алдында Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин құттықтау сөз сөйлеп, Республика күні елдігімізді айшықтап, бірлігімізді бекемдейтін қастерлі мереке, өткенімізді құрметтеп, бүгінімізді бағалап, болашағымызға нық сеніммен қадам басатын күн екенін атап өтті.
Еліміздің өркендеуіне өңірлердің елеулі үлес қосып келе жатқанын тілге тиек еткен қала басшысы Екібастұздың көмір кен орындары, қуатты энергетикалық станциялары және бай өнеркәсіптік дәстүрлерімен даңқы шыққанына тоқталды. Оған қоса, бүгінгі күні жаңа өндірістік кәсіпорындар ашылып, заманауи технологиялар пайдаға жаратылып, перспективалық инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қаланың даму динамикасын нақты көрсеткіштерден байқауға болады. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2 триллион теңгеге жетіп, негізгі капиталға салынған инвестициялар 500 миллиард теңгені құрады. Қала басшысы, сонымен қатар, 2026 жылы Екібастұз қаласының Қазақстандағы моноқалалар тізімінен шығарылуы маңызды кезең болғанын, бұл экономиканы әртараптандыру мен өнеркәсіптің тұрақты дамуына бағытталған маңызды қадамға ұласқанын айтты.
– Қаланың дамуы тек өндіріс және инвестиция тұрғысынан өлшенбейді. Халықтың тұрмысын жақсарту, қаланы көркейту, балалардың алаңсыз өсіп, жастардың спортпен айналысуына және тұрғындардың бос уақытын пайдалы өткізуіне жағдай жасау да маңызды. Өнеркәсіптегі өзгерістер жаңа кәсіпорындардан көрініс тапса, қалалық ортаның дамуын соңғы үш жылдағы нақты нәтижелер арқылы бағалауға болады. Осы кезеңде 600 мың шаршы метрге жуық жол жөнделді. Бұл – шамамен 80 шақырым жол. 210 ойын алаңы абаттандырылып, 46 футбол алаңы салынды, 10 хоккей корты орнатылды, 21 стрит-воркаутқа және 15 стритболға арналған алаң жабдықталды. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жалғасуда. Атығай ауылында 120 оқушыға арналған жаңа мектеп ашылды. Бәйет және академик Әлкей Марғұлан атындағы ауылдарда алғашқы медициналық көмек көрсету нысандары бой көтерді. Бәйет пен Қоянды ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы аяқталды. «Шахтёр» саябағын қайта жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл жетістіктер – қаланы заманауи, көрікті әрі барлық жастағы тұрғындар үшін қолайлы етуге бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі, – деді Аян Уахитұлы.
Құттықтау сөздің соңы әдеттегідей марапаттауға ұласты. Павлодар облысы әкімінің құрмет грамотасына Екібастұз МАЭС-2 станциясының өндірісті дайындау цехының аға мастері Жексен Ажманов, «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС-нің өндірістік оқытуды үйлестірушісі Динара Тілесова ие болды. Облыс әкімінің алғыс хатымен «Горэлектросеть» ЖШС төрағасының орынбасары Светлана Феденко марапатталды. Ал ішкі істер органдарының ардагері Ізбасар Еңсебаев пен №35 мектеп-гимназиясының басшысы Нұргүл Жаналиева «Екібастұз қаласының алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін алды. Сонымен қатар бірқатар адамға Екібастұз қаласы әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табыс етілді.
Осыдан кейін көрермен назарына концерттік бағдарлама ұсынылып, жергілікті әншілерге қоса, кеш қонағы – «ALEM TENORS» тенорлар квартеті ән шырқады.
Ж. Сәдуақас







