Қазақстанда жедел жәрдем қызметінің жұмысын цифрландыру қолға алынуда. Жаңа жүйе арқылы тұрғындар жедел жәрдем көліктерінің қозғалысын GPS-навигаторлар арқылы бақылай алады. Диспетчерлік орталық әр машинаның орналасқан жерін нақты уақыт режимінде көріп, қажет болған жағдайда шақыртуларды қайта бағыттай алады. Тұрғындармен байланыс орнатудың Telegram және ұялы байланыс сияқты балама жолдары да бар.
– Жедел жәрдем бригадасының жолға шыққаны туралы автоматты SMS-хабарлама жіберу және көліктің қозғалысын пациенттің бақылауына мүмкіндік беретін цифрлық жүйе әзірге үш өңірде пилоттық режимде енгізіліп жатыр. Пилоттық кезең 17-сінен бастап жаңа жылға дейін жалғасады. Павлодар облысы бұл жобада жоқ, алайда кейін жүйені кеңейту мәселесі қарастырылуы мүмкін, – деді бұл туралы Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуков.
Медицина саласындағы цифрландыру аясында тұрғындарды профилактикалық тексерулер мен вакцинация туралы хабардар ету жүйесі де кеңейтіледі. 19 қазаннан бастап Ақмола, Абай және Ұлытау облыстарында азаматтарға жасына және жынысына сәйкес скринингтен өту қажеттігі туралы SMS-хабарлама жіберетін пилоттық жоба іске қосылады. Ал 26 қазаннан бастап бүкіл ел көлемінде емханада жасалған екпелер туралы ақпарат (вакцинаның атауы мен егілген күні) SMS арқылы жолданады. Егер адамға іс жүзінде екпе жасалмаса да, бірақ ол туралы хабарлама келсе, азамат 1414 нөміріне жауап беру арқылы бұл жағдайды тексеруге жолдай алады.
Гүлсана ҚУАТҚЫЗЫ





