Сүт безі обырын ерте анықтау – ауруды уақытында емдеуге және асқыну қаупін азайтуға мүмкіндік беретін маңызды шара. Елімізде әйелдер арасында профилактикалық тексерулер жүргізіліп, скринингтің маңыздылығы түсіндірілуде. Мамандар тұрғындарды денсаулығына жауапкершілікпен қарап, белгіленген мерзімде тексеруден өтуге шақырады. Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг осы тақырыпқа арналды.
Дербес медицина орталығының меңгерушісі Смағұлованың айтуынша, сүт безі обыры әйелдер арасында кездесетін өзекті онкологиялық аурулардың бірі саналады. Оның даму қаупіне жас ерекшелігі, тұқым қуалайтын бейімділік, жақын туыстарында осы аурудың болуы, гормондық және репродуктивтік факторлар, артық салмақ, дене белсенділігінің төмендігі және алкоголь тұтыну әсер етуі мүмкін.
Сүт безінде өзгеріс пайда болып, қолтық астындағы лимфа түйіндері ұлғайса, жоспарлы скринингті күтпей, медициналық көмекке жүгінген жөн.
Орталық меңгерушісінің айтуынша, 2025 жылы Екібастұзда сүт безі обырының 17 жағдайы анықталған. Оның 6-ы – №2 емхананың, 11-і №3 емхананың пациенттері. Ал жыл басынан бері 19 факті тіркелген. Оның ішінде 11-і – I сатыда (57,9%), 8-і II сатыда (42,1%) екені анықталды.
2026 жылы аталған екі емханада сүт безі обырына арналған скринингтен 6 599 әйелді өткізу жоспарланған. Іс жүзінде 6 610 әйел тексеріліп, жоспар асыра орындалған (100,2%).
– Қазақстанда сүт безі обырына арналған скрининг әйелдерге тегін жүргізіледі. Яғни, 40 пен 76 жас аралығындағы, сүт безінің қатерлі ісігі бойынша динамикалық бақылауда тұрмаған әйелдер маммографиядан өте алады. Тексеруге жолдама алу үшін тіркелген емханаға жүгіну қажет. Скрининг барысында күмәнді өзгерістер анықталса, пациент қосымша тексеруге және профильді маманның консультациясына жіберіледі, – дейді Әнел Смағұлова.
№1 емхананың профилактика бөлімшесінің меңгерушісі Евгения Стасевич те сүт безі обырын ерте анықтауда скринингтің маңызды екенін атап өтті.
– Мақсатты топтағы әйелдер екі жылда бір рет маммографияны тегін өтуге құқылы. Скрининг нәтижелерін екі рентгенолог оқиды: алдымен емхана маманы, кейін онкологиялық орталықтың рентгенологы тексереді. Қажет болған жағдайда әйелдерге қосымша маммография, сүт безінің ультрадыбыстық зерттеуі және трепанобиопсия тағайындалады, – деген меңгеруші Евгения Владимировна №1 емханаға қатысты статискалық мәліметтермен таныстырды.
Биыл №1 емханада скринингтен 3 022 әйелді өткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта 2 627 әйел тексеріліп, жоспар 85%-ға орындалған. Стасевич келтірген мәліметке сәйкес 2025 жылы скрининг нәтижесінде сүт безі обырының 10 фактісі анықталған. Ал 2026 жылдың 9 айында 24 жағдай тіркелсе, оның 13-і скрининг арқылы анықталған.
Дәрігер скринингтің ауру белгілері пайда болмай тұрып диагноз қоюға мүмкіндік беретінін айтты. Бұл тексерулер сүт безі обырынан болатын өлім қаупін шамамен 20%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.
– Кәсіпорын басшылары мен тұрғындардың скринингке деген қызығушылығын арттыру мақсатында медициналық ұйым тарапынан кәсіпорындардың басшыларына бірнеше рет хат жолдадық. Әзірге айтарлықтай нәтиже жоқ. Оның үстіне алаяқтық фактілерінің жиілеуіне байланысты тексеруден өтуі тиіс адамдардың тізімдерін жіберуде қиындықтар туындап отыр.
Евгения Стасевич жатыр мойны обырының алдын алу мәселесіне де тоқталды. Бұл ауруды анықтауға арналған скрининг 4 жылда бір рет жүргізіледі. Оған 30 бен 76 жас аралығындағы әйелдер қатысады. 2026 жылы жатыр мойны обырының 6 фактісі белгілі болған.
Дәрігер, сондай-ақ, Қазақстанда адам папилломавирусына (АПВ) қарсы вакцинация жүргізілетінін еске салды. Елде 11-18 жастағы қыздарға «Гардасил» вакцинасы қолданылады. Бұл вакциналар вирустың белгілі бір түрлерінен қорғауға бағытталған.
№3 емхананың рентгенологы Жадыра Шаяхметова маммографияның жүргізілу тәртібіне тоқталып, оның қауіпсіз процедура екенін атап өтті. Зерттеу шамамен 15-20 минутқа созылады. Маммография сүт безіндегі күмәнді өзгерістерді аурудың клиникалық белгілері пайда болмай тұрып анықтауға мүмкіндік береді.
– Маммография нәтижесі халықаралық стандартқа сай 0-ден 6-ға дейін бағаланады. Бастапқы санаттар қауіпсіз деп есептеледі. 3 деп белгіленген жағдайда әйелді 6 айдан соң қайта тексеруге жібереді. 4 пен 5-те биопсия алынса, 6 деп нақты қатерлі ісік белгіленеді, – деп түсіндірді рентгенолог маман.
Дәрігерлер онкологиялық аурулармен күресте ерте диагностика мен профилактикалық тексеру аса қажет екенін ескертеді. Сондықтан әйелдер белгіленген мерзімде скринингтен өткені дұрыс.
Г.ҚУАТҚЫЗЫ







