Екібастұз қаласындағы «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында ауыл әйелдеріне арналған «Көшбасшылық және басқару мәселелері» тақырыбында көшпелі семинар өтті. Оған Екібастұз өңірінің ауылдарынан 30-ға жуық әйел қатысып, көшбасшылық қасиеттерді дамыту, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру және отбасындағы қарым-қатынас мәселелері бойынша тәжірибе алмасты.
Семинардың мақсаты– ауыл әйелдерінің көшбасшылық, кәсіпкерлік және қарым-қатынас дағдыларын дамыту, қоғамдық өмірге белсенді араласуына ықпал ету. Кездесу барысында қатысушылар өз бастамаларын жүзеге асыру жолдарын талқылап, пайдалы кеңестер алды.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Шымкент қаласындағы өкілі, БҰҰ Әйелдер құрылымының саяси көшбасшылық жөніндегі тренері Данара Саранова «Әйел көшбасшылығы және әлеуметтік жобалау: идеядан іске» тақырыбында тренинг өткізді. Ол көшбасшыға қажетті қасиеттерге тоқталып, әлеуметтік жобаларды жоспарлау мен жүзеге асыру жолдарын түсіндірді. Практикалық тапсырмалар арқылы қатысушылар өз идеяларын ортаға салып, оларды нақты іске айналдырудың қыр-сырын меңгерді.
– Ауыл әйелінің қоғамдағы орны ерекше. Ол – ана, жар, ұстаз, кәсіпкер әрі еңбек адамы. Бүгінгі кездесудің мақсаты – ауыл әйелдерінің мәртебесін арттырып, олардың ұсыныстары мен бастамаларын қолдауға жол ашу. Ауыл – дәстүр мен тәрбиенің қайнар көзі, ал әйелдер оның дамуына үлкен үлес қосып келеді. Сондықтан әрбір жақсы бастама ауылдың өркендеуіне ықпал етеді деп сенемін, – деді Данара Саранова.
Семинарда әйелдердің тарихтағы орны мен ұлттық құндылықтар мәселесі де қозғалды. Торайғыров университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Жұлдыз Қабиденова «Ұлы дала әйелі: дәстүр, еркіндік және көшбасшылық» тақырыбында баяндама жасады. Ол Томирис патшайымның бейнесі арқылы Ұлы дала тарихындағы әйелдердің орнына тоқталып, олардың қоғам өміріндегі рөлі туралы әңгімеледі.
Ал Павлодар қаласынан келген психолог, психология ғылымдарының кандидаты Татьяна Кравцова «Қазіргі қазақстандық отбасының психологиялық негіздері» тақырыбында сөз сөйледі. Ол отбасындағы өзара түсіністік, дұрыс қарым-қатынас орнату және психологиялық тұрақтылықтың маңызына назар аударды.
Семинар әйелдердің өзара тәжірибе алмасуына, жаңа білім алуына және көшбасшылық қабілеттерін дамытуына мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер ауыл әйелдерінің қоғамдық өмірге белсенді араласып, өз идеяларын жүзеге асыруына қолдау көрсетеді.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ






