Грекияның Салоники қаласында өткен жастар арасындағы самбодан әлем чемпионатында екібастұздық спортшы Айнұр Мұқарам алтын медаль иеленді. №21 мектептің 11-сынып оқушысы әрі «K.A.S.» спорт клубының тәрбиеленушісі 44 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде төрт белдесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті.
2-4 қазан аралығында өткен әлем чемпионатында Айнұр Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетті. Финалдық белдесуде ресейлік спортшы Анна Эруковамен кездесіп, тактикалық шеберлігінің арқасында аз ғана басымдықпен ұтты.
Жаттықтырушы Алмагүл Кашинаның айтуынша, әлем чемпионатына дайындық жаз бойы жүргізілген. Қазақстан құрамасы жарыс алдында төрт оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Алматы мен Түркістан қалаларында дайындалған.
– Финалдық белдесу кезінде спортшы үшін сабыр сақтап, алдын ала жоспарланған әдіс-тәсілдерді дұрыс орындау маңызды. Біз қарсыластардың қимылын зерттеп, әр белдесуге тактикалық тұрғыдан дайындалдық. Айнұр шешуші сәтте жинақылық танытып, өз мүмкіндігін тиімді пайдаланды. Бұл жеңіске жетуімізге ықпал етті, – дейді жаттықтырушы.
Айнұр Мұқарам жеті жылдан астам уақыт бойы Алмагүл Кашина мен Владимир Панасенконың жетекшілігімен жаттығып келеді. Осы уақыт ішінде ол республикалық және халықаралық жарыстарда тәжірибе жинақтап, бірқатар жетістікке қол жеткізді. 2024 жылы Кипрде самбодан өткен халықаралық жарыста қола медаль иеленіп, Якутияда ұйымдастырылған «Азия балалары» халықаралық спорт ойындарының жүлдегері атанды.
2026 жылдың сәуірінде Айнұр Қазақстан чемпионатында 44 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарып, әлем чемпионатына жолдама алды. Бұл жолы да спортшы сенімді өнер көрсетіп, әлем чемпионы атанды.
Жаттықтырушының айтуынша, Айнұр сабырлылығымен, төзімділігімен және спортқа деген ерекше ықыласымен ерекшеленеді. Алда спортшыны дзюдодан Қазақстан чемпионатына дайындық күтіп тұр.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ







