Әр халықтың ұлттық өнері мен салт-дәстүрі – оның тарихы мен рухани болмысын танытатын асыл мұра. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан осы құндылықтар халықтарды жақындастырып, өзара құрмет пен ынтымақты нығайтады. Қаламыздағы «Достық үйінде» ұлттық мәдениетті дәріптеп, этностар арасындағы достықты нығайтуға бағытталған «Достық керуені» атты күзгі мереке өтті.
Мәдени шараға қалалық Аналар кеңесінің өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенді жастары қатысты. Мерекелік бағдарламаның шымылдығы «Асыл әжелер» вокалдық ансамблінің орындауындағы «Шолпан, Шолпан» әнімен өрілген театрландырылған көрініспен ашылды.
Шара аясында «Дизайн-Про» өнер және шығармашылық мектебінің көрмесі ұйымдастырылды. Жетекшісі Юлия Овчинникова бастаған шығармашылық ұжымның жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктер ұлттық қолөнер бұйымдарын, тұрмыстық заттар мен дәстүрлі тағамдарын таныстырды.
Көрмеге «Ана ұлағаты» қоғамдық бірлестігі, славяндардың «Братство» этномәдени бірлестігі, сондай-ақ, «Беларусь», «Возрождение», «Світанок», «Арарат», «Шатлык» және корейлердің «Чосон» этномәдени бірлестіктері қатысты.
Көрмеге қойылған бұйымдар әр халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрінен сыр шертті. Қолөнер туындыларынан ұлттық нақыш пен шеберлік байқалса, дәстүрлі тағамдар қойылған дастархандар әр этностың ас әзірлеу мәдениетін танытты. Әсіресе, корейлердің «Чосон» этномәдени бірлестігі ұсынған күзгі табиғат көріністері бейнеленген картиналар көрермендердің назарын аударды.
Мерекелік бағдарлама концертпен жалғасты. Сахнаға шыққан вокалдық ансамбльдер түрлі халықтардың әндерін орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. «Шатлык» вокалдық ансамблі «Көңілді күн» әнін орындаса, «Славяночка» ұжымы «Живет село» әнін шырқады. Сондай-ақ, «Вечарынка», «Альпероз», «Сеньоры» вокалдық ансамблдері де өнер көрсетті.
Кеш барысында түрлі ойындар ұйымдастырылып, қатысушылар мақал-мәтелдердің жалғасын айтты. Танымдық ойын мерекеге ерекше серпін берді.
Қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Мәруаш Сағындықова:
– «Достық керуені» – ұлттық мәдениет пен ортақ құндылықтарды тоғыстырған тағылымды басқосу. Әр этностың тіліне, өнеріне, салт-дәстүріне құрметпен қарау – қоғамдағы келісім мен тұрақтылықтың берік негізі. Осындай мәдени кездесулер өзара түсіністікті нығайтып, ел ішіндегі татулықты сақтауға қызмет етеді.
Қала тұрғыны Людмила Щёголева да мерекеден алған әсерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, этномәдени бірлестіктер ұсынған ұлттық тағамдар мен мазмұнды бағдарлама күзгі мерекеге ерекше сән берді.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ







