15 қазанда «MAXI MALL» сауда-сауық орталығында Екібастұз қаласының Мансап орталығы филиалы мен Жастар бастамаларын дамыту орталығының ұйымдастыруымен жалпықалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараның мақсаты – жұмыс іздеушілерге қолжетімді бос орындар туралы ақпарат беріп, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу.
Жәрмеңкеге қаладағы 11 кәсіпорынның өкілдері қатысып, бос жұмыс орындарын ұсынды. Олардың қатарында «Богатырь Көмір» ЖШС, «Восточный» кеніші, «Екібастұз Ferro Alloys» ЖШС, «Екібастұзкоммунсервис» ЖШС, «Railways Sistems KZ» ЖШС, «ҚТЖ – Жүк тасымалы», «Ангренсор Энерго» ЖШС, «Береке 2004» ЖШС, №2 мамандандырылған өрт сөндіру қызметінің департаменті және «Жусан KZ» ЖШС бар. Сонымен қатар іс-шараға жеке сот орындаушылары қатысты.
Екібастұз қаласы Мансап орталығының бөлім басшысы Нұргүл Айтпаеваның айтуынша, жәрмеңке жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға және олардың еңбек нарығына бейімделуіне қолдау көрсетуге бағытталған. Іс-шараға бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар мен алимент бойынша берешегі бар адамдар да шақырылды.
Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер кәсіпорындардағы бос орындар мен үміткерлерге қойылатын талаптар туралы ақпарат берді.
Жәрмеңкеге қатысқан қала тұрғыны Нұрлан Ермағанбетов те өз мамандығы бойынша жұмыс іздеп жүр. Оның жылжымалы құрам слесарі ретінде үш жылдық еңбек тәжірибесі бар.
– Мамандығым – жылжымалы құрам слесарі. Кәсібіме сай үш жыл жұмыс істеп, тәжірибе жинадым. Қазір өз мамандығым бойынша жалақысы жоғары жұмысқа орналасқым келеді. Осындай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылып тұрса екен, – дейді ол.
Жалпы, жәрмеңкеге 90-нан астам жұмыс іздеуші қатысты. Олар жұмыс берушілермен тікелей сөйлесіп, бос жұмыс орындары туралы мәлімет алды. Сонымен қатар Мансап орталығының мамандары мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азаматтардың сауалдарына жауап берді.
Іс-шара қорытындысында 35 азамат жұмысқа орналасуға шақырту алды. Жұмыс іздеп жүрген тұрғындар бос жұмыс орындары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық ақпарат алу үшін Екібастұз қаласының Мансап орталығына жүгіне алады.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ






