Елімізде құтқарушылар күні жыл сайын 19 қазанда атап өтіледі. Құтқарушы – қай кезде де адам өмірін арашалап, қауіп-қатерге қарамастан ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ержүрек маман. Олардың күнделікті еңбегі батылдықты, табандылықты, жоғары кәсібилікті және өз ісіне деген адалдықты талап етеді.
Екібастұз өңірінде ТЖ қызметі саласында төрт жүзге жуық азамат еңбек етуде. Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген азаматтарға құрмет көрсету мақсатында «Өнер» мәдениет сарайында «Құтқарушылар – бейбіт күннің батырлары» атты салтанатты шара болды.
Мерекелік шара барысында құтқару саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне алғыс айтылып, олардың қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбегі ерекше атап өтілді.
Алғашқы құттықтау сөз «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС-нің Павлодар филиалының директоры Сергей Кузнецовқа берілді. Ол құтқарушылардың жауапты қызметіне тоқталып, қиын сәттерде батылдық танытып, адам өмірі мен қауіпсіздігін қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген мамандарға ризашылығын білдірді. Әрі қарай авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде көрсеткен ерлігі, жанқиярлығы және жоғары кәсіби шеберлігі үшін бірқатар маманға арнайы марапат табыстады.
Бұл күні авариялық-құтқару постының құтқарушысы Берік Абаильдинов, өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Андрей Войтович және бөлімше командирі Жәнібек Мақанов «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды.
«Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалі Майқайың авариялық-құтқару взводының бөлімше командирі Біржан Еркінбайға, Екібастұз авариялық-құтқару взводының жедел автокөлік жүргізушісі Атибай Касимовке және АЗФ өрт сөндіру бөлімінің өрт профилактикасы жөніндегі аға нұсқаушысы Нелли Нестолинаға табысталды.
Ал Бозшакөл авариялық-құтқару взводының ППС бөлімше командирі Нури Кошаев, Майқайың авариялық-құтқару взводының бөлімше командирі Бүркітбай Қапбас және Керегетас өрт сөндіру постының ППС бөлімше командирі Ерлан Түсіпбеков «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісіне ие болды.
Сондай-ақ, «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Ақсу газдан құтқару взводының аға жүргізушісі Дәулет Исақанов, Екібастұз авариялық-құтқару взводының жүргізушісі Дәулетбек Насыров және Ақсу газдан құтқару взводының жедел автокөлік жүргізушісі Сергей Чмыхало марапатталды.
Бұдан әрі қызметтік міндеттерін адал орындағаны, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында жетістіктерге қол жеткізгені және Құтқарушылар күніне орай Республикалық орталық штабтың бас директорының Құрмет грамотасымен Талғат Мидеу, Ермұхан Мақсұтхан, Аян Рымғожин және Дидар Хасенов марапатталды. Кәсіпорынның бас бухгалтері Жаннат Апаева мен персоналмен жұмыс жөніндегі жетекші маман Ботагөз Раскельдиноваға алғыс хаттар табысталды.
Мерекелік шараға Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева да қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Қала әкімінің атынан құтқару саласының бірқатар қызметкеріне марапаттар табысталды.
Екібастұз қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен бірінші санатты зертханашы Ольга Бойко және көмір және тау-кен өнеркәсібі саласындағы жедел жұмыс жөніндегі жетекші инженер Сергей Киппа марапатталды.
Ал Екібастұз қаласы әкімінің Алғыс хатына Екібастұз жасағының командирі Виталий Будаев, Майқайың авариялық-құтқару взводының тазалықшысы Айман Омарбекова және заңгер Қуандық Шуктаев ие болды.
Салтанатты жиынның соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Мерекеде Алтынгүл Бахытхан, «Нәзік» үлгілі хореографиялық ансамблі және «Тұмар» вокалды-аспаптық ансамблі өнер көрсетті.
Г.ҚУАТБАЙҚЫЗЫ







