Екібастұз өңірінде 5 қазан мен 5 қараша аралығында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Осы орайда құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, проблемалық мекенжайларды анықтау жұмыстарын тиісті органдармен бірлесе отырып шешу көзделген.
– «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заңның қабылдануына байланысты құқық бұзушылықпен күрес тәсілдері де жаңарды. Осыған орай, биылғы «Қауіпсіз үй» іс-шарасының форматы да жаңа талаптарға сәйкес ұйымдастырылған. Полиция қызметкерлері мен профилактикалық жұмысқа қатысушы басқа да азаматтар проблеманы бірлесіп шешуге, құқық бұзушылық жасауға бейім адамдармен жеке жұмыс жүргізуге басымдық беруде, – деді брифингте Медет Бейсенов.
Қазіргі уақытта учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен кері байланысты нығайту мақсатында QR-кодтар әзірлеп, оларды көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберістеріне, дүкендерге және басқа да қоғамдық орындарға орналастырған. Осы кодтар арқылы тұрғындар өздерін алаңдатқан мәселелерді жеткізіп, ұсыныстарын жолдай алады. Іс-шара барысында QR-код арқылы 17 ұсыныс келіп түскен, олардың барлығы қарастырылған. Брифинг кезінде спикер Медет Жексенбайұлы журналистерге QR-код арқылы қызмет алу жолын іс жүзінде көрсетті.
Профилактикалық іс-шараға барлығы 129 адам жұмылдырылған. Олардың қатарында қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің 49 қызметкері, саптық полицияның 4 қызметкері, қылмыстық полицияның 12 қызметкері, басқа қызметтердің 40 өкілі, сондай-ақ, қоғам өкілдері мен 24 волонтер бар.
– ЖПШ аясында әрбір учаскелік полиция пунктіндегі проблемалық мекенжайлар мен құқық бұзушылық жасауға бейім адамдардың тізімі жасақталған. Қазіргі деректерге сәйкес 120 проблемалық мекенжай анықталып, оның 80-і пысықталды. Тәртіп сақшылары 11 783 тұрғын үй мен нысандарды аралады. Солардың қатарында 4 852 пәтер, 3 272 жеке тұрғын үй, 24 жалдамалы тұрғын үй және 3 617 саяжай үйі қамтылды. Бұдан бөлек, 18 шаруа және фермер қожалығы тексерілді. Қараусыз қалған 10 нысан тексеруден өтті. Тексеру барысында алты жалдамалы пәтер анықталып, олар туралы ақпарат Екібастұз қаласының мемлекеттік кірістер басқармасына жолданды, – деді Медет Бейсенов.
Құқық бұзушылықтың қайталануына жол бермеу мақсатында полиция қызметкерлері есепте тұрған азаматтардың тұрақты мекен жайларына да барған. Нәтижесінде 579 адам тексерілген, соның ішінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 95 адам, әкімшілік қадағалаудағы 21 адам, белгілі бір санаттағы есепте тұрған 43 адам, жазасын өтеу орындарынан босатылған 97 адам, бұрын сотталған 126 адам, пробация қызметінің есебіндегі 158 адам және қолайсыз отбасылар санатындағы 39 адам бар. Тексеру кезінде есепте тұрған азаматтар тарапынан 12 құқық бұзушылық анықталыпты.
Шетел азаматтары тарапынан көші-қон заңнамасын бұзудың 45 дерегі анықталған. Бес адамды сот тәртібімен елден шығару үшін тиісті құжаттар рәсімделген.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында қару иелеріне де тексеру жүргізілген екен. Барлығы 92 қару иесі тексеріліп, тіркелмеген бір қару тәркіленіпті.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары нәтижесінде 10 кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталып, олардың бесеуі бейімдеу орталығына орналастырылған.
Жедел-профилактикалық іс-шара кезінде 34 маңызды ақпарат анықталса, оның 17-сі деструктивті діни ағымдарға қатысты болып шықты. Осы орайда 12 діни ғимарат пен діни оқу орны тексерілген.
«Қауіпсіз үй» іс-шарасы – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жұмыс. Ол полиция қызметкерлері, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар ғана емес, тұрғындар да белсенді қатысқанда тиімді болмақ. Себебі, қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік.
Г. ҚУАТҚЫЗЫ






