Қала әкімінің кезекті есеп беру кездесуі Бәйет ауылдық округіне қарасты Атығай ауылында өтті. Жиында тұрғындар ұялы байланыс сапасына, электр желілерінің жағдайына және су төлеміне қатысты мәселелерді көтерді. Сонымен қатар ауылда соңғы жылдары атқарылған жұмыстар да сөз болды.
Тұрғындарды алаңдатқан негізгі мәселелердің бірі – ұялы байланыс сапасы. Ауыл тұрғыны Кристинаның айтуынша, Атығай қаладан алыс орналаспағанымен, мұнда тұрақты байланысқа қол жеткізу қиын.
– Ауылымыз қалаға жақын болғанымен, байланыс сапасы нашар. Ауылға кіре салысымен телефонмен сөйлесу қиындайды. Кейде қоңырау шала алмаймыз, хабарлама да жібере алмай қаламыз. Осы мәселені шешуге көмектессеңіздер, – деді ол.
Қала әкімі Аян Бейсекиннің түсіндіруінше, ауылда үш мобильді оператордың да қызметі бар. Алайда олардың базалық станцияларының орналасуы мен қамту аумағы әртүрлі болғандықтан, байланыс сапасы да бірдей емес.
Қала басшысының айтуынша, мобильді операторлардың өңірлік филиалдары басшылығымен байланыс сапасын жақсарту және базалық станциялардың мүмкіндігін кеңейту мәселесі тұрақты түрде талқыланып келеді. Дегенмен мұндай жұмыстар қомақты қаржыны қажет етеді. Сондықтан операторлар желіні жаңғырту мүмкіндіктерін өз жоспарлары мен қаржылық мүмкіндіктеріне қарай қарастырады.
Кездесуде электр желілерінің жай-күйі де сөз болды. Қала әкімі ауылдық елді мекендердегі электр желілерінің тозуы өзекті мәселе екенін атап өтті. Қолданыстағы желілерді жаңғырту қажеттігіне тоқталып, алдағы 3–5 жыл ішінде жаңа электр желілерін тарту жоспарланып отырғанын жеткізді.
Су төлеміне қатысты мәселені ауыл тұрғыны Асан Шұғаев көтерді. Оның айтуынша, үйі мен бау-бақшасына су есептегіш орнатылғанына қарамастан, мал санына қарай қосымша төлем есептеледі. Бұл жағдай тұрғынның түсініспеушілігін туғызған.
Аталған сұраққа «Горводоканал» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Ләззат Бекбергенова жауап берді.
– Бұрын су есептегіштері болмаған кезде мал санына қарай есептеу жүргізілген. Қазір су шығыны есептегіш құралдары арқылы анықталады, – деді кәсіпорын басшысы.
Жиында тұрғындар ауылда соңғы жылдары атқарылған оң өзгерістерді де атап өтті. Атап айтқанда, ауылға кіреберіс жол мен елді мекен ішіндегі жолдар асфальтталып, жаңа мектеп салынып, инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар жұмыс жүргізілді.
Қала әкімі Аян Бейсекин Атығай ауылының даму әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Оның сөзінше, ауылда тұрақтап, еңбек етіп, өз кәсібін дамытуға ниетті азаматтарға қолдау көрсету маңызды. Бұған мемлекеттік көші-қон бағдарламасы арқылы Тараз қаласынан Атығайға қоныс аударған Садықовтар отбасы дәлел.
Отбасы мемлекеттік бағдарлама аясында баспаналы болып, кәсіп бастауға мүмкіндік алған. Бүгінде Бекжан Садықов қой шаруашылығын дамытып келеді.
– Тараз қаласынан мемлекеттік көші-қон бағдарламасы арқылы көшіп келдім. Бағдарлама аясында баспана алдым. «Бастау» бағдарламасы бойынша грантқа ие болып, кәсіп бастауға мүмкіндік алдым. Ауыл тұрғындары бізді өте жақсы қарсы алды. Осында қоныстанып, шаруашылығымызды дамытуға жағдай бар, – дейді Бекжан Садықов.
Жиын соңында ауыл ақсақалы сөз алып, атқарылып жатқан жұмыстар үшін алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ






