Екібастұздық велошабандоз Рината Сұлтанова Жапонияның Нагоя қаласында өткен ХХ жазғы Азия ойындарында алтын және күміс медаль жеңіп алды. Ол тасжолдағы жекелей жарыста топ жарып, тректегі омниум бәсекесінде күміс жүлдегер атанды. Құрлықтық додада ел намысын қорғаған спортшымен Екібастұздағы №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде салтанатты кездесу өтті. Жиынға спорт ардагерлері, жаттықтырушылар мен жас спортшылар қатысып, жерлесімізді толайым табысымен құттықтады.
Рината Сұлтанова тасжолдағы 24 шақырымдық жекелей жарысты 36 минут 23,72 секундта аяқтап, Қазақстан құрамасына алтын медаль сыйлады. Ал тректегі омниум бәсекесінің төрт кезеңі бойынша 133 ұпай жинап, күміс жүлдеге ие болды. Ол жарыс жеңімпазы, жапониялық Юми Кадзихарадан небәрі үш ұпайға қалып қойды.
Спортшының бұл жетістігі қазақстандық велоспорт тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі. Рината Сұлтанова Азия ойындарында трек велоспортынан жүлдеге ие болған тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы әйел велошабандоз атанды.
Кездесу барысында спортшы өзінің кәсіби жолы мен велоспортқа қалай келгені туралы әңгімеледі. Рината Екібастұз қаласындағы №23 мектепте білім алып, тоғыз жасынан бастап №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде велоспортпен айналысқан.
– Спорт мектебіне алғаш келгенде балалармен бірге уақытты көңілді өткізуді ғана ойладым. Кейін спортың маған үлкен мүмкіндіктер ашып, биік жетістіктерге жетелейтінін түсіндім. Содан бастап велоспортқа шындап ден қойдым. Уақыт өте келе ол өмірімнің маңызды бөлігіне айналды. Бүгінгі жетістігім – сол кездегі талпынысым мен тынымсыз еңбегімнің нәтижесі, – дейді спортшы.
Ринатаның спорттық шеберлігін шыңдауда алғашқы бапкері Владимир Кудряшевтің еңбегі зор. Оның жетекшілігімен түрлі жарыстарға қатысып, тәжірибе жинақтаған велошабандоз 2020 жылы велоспорттан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие болды. Кейін Қазақстан ұлттық құрамасына қабылданып, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғады.
Ринатаның кәсіби мансабындағы маңызды кезеңдердің бірі 2017 жылы «Астана» әйелдер командасының құрамында халықаралық жарыстарға қатысуы. Жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі мен тынымсыз еңбегінің арқасында ол Азиядағы үздік велошабандоздардың біріне айналды. Тасжолдағы жекелей жарыста 2022, 2025 және 2026 жылдары Азия чемпионы атанып, 2022 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды. Трек велоспортында да жоғары нәтижелер көрсетіп, Азия чемпионаттарында бес медаль иеленді. Сонымен қатар, Коньяда өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында скрэтч, омниум және жекелей қудалау жарыстарында топ жарып, үш алтын медальға қол жеткізді.
Спортшы Азия ойындарына дайындық барысында жүйелі жаттығу, төзімділік пен тәртіптің маңызы ерекше болғанын атап өтті.
– Азия ойындарының чемпионы атанғанымды еліміздің Әнұраны шырқалып, көк Туымыз көтерілген сәтте ғана толық сезіндім. Жыл басында алдыма қойған мақсаттарыма жетіп, еңбегімнің нәтижесін көргеніме қатты қуандым. Сол сәттегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Бұл жеңіске табандылық, төзімділік пен тәртіптің арқасында жеттім. Сонымен қатар, күн сайын дайындық барысында қолдау көрсетіп, ортақ нәтижеге ұмтылған бапкерлер мен мамандардың еңбегі зор. Мәреге жеткеннен кейін жарыс барысында рация арқылы бағыт-бағдар беріп отырған бапкерім бірінші болып құттықтады, – дейді Рината Сұлтанова.
Шарада спорт ардагері Құмар Дүйсембеков те жерлесімізді жеңісімен құттықтап, оның жетістігі жас спортшыларға үлгі болатынын жеткізді. Кездесу соңында жас велошабандоздар чемпионмен пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.
Рината Сұлтанованың Азия ойындарындағы жеңісі – табандылық пен жүйелі дайындықтың нәтижесі. Жерлесіміздің халықаралық аренадағы жетістігі Екібастұздың мерейін өсіріп, велоспортқа қызығатын жас спортшыларға үлкен серпін береді.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ







