Қаламызда көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Бұл жолы дәстүрлі ағаш отырғызу науқаны «Шахтер» саябағындағы жаңа скейт-парк маңында ұйымдастырылды. Игі бастамаға қала ардагерлері, студент жастар, «Мерейлі отбасы» байқауының лауреаттары мен тұрғындар қатысып, қаламыздың көркеюіне өз үлестерін қосты.
Игі шараға қатысушылар қатарында Қазақстанның Еңбек Ері Рышат Әмренов те бар. Ол отбасымен бірге келіп, немерелеріне табиғатты аялаудың маңызын іс жүзінде көрсетуді жөн көріпті.
– Бүгін отбасымызбен бірге «Шахтер» саябағына шырша отырғыздық. Бұл – қаламыздың көркеюіне қосқан маңызды үлесіміз. Ағаш отырғызу шағын ғана іс болып көрінгенімен, оның табиғатқа тигізер пайдасы зор. Бүгін топыраққа егілген көшет ертең тамыр жайып, саябақтың сәнін кіргізіп, айналаны жасыл желекке бөлейді. Біз сенбілікке отбасымызбен келдік, өз қолымызбен отырғызған ағаштың жайқалып өскенін көргіміз келеді. Сондықтан алдағы уақытта да саябаққа келіп, көшетіміздің жай-күйін бақылап, күтіміне көңіл бөлетін боламыз, – деді Рышат Әмренов.
Ағаш отырғызуға отбасымен бірге келгендердің бірі – №25 балабақшаның тәрбиешісі Әсем Қызылбаева. Оның айтуынша, табиғатты қорғауға бағытталған осындай шаралар балаларды кішкентайынан қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға баулиды.
– Біз мұндай игі бастамаларға жиі қатысып тұрамыз. Қаламыздың көркеюіне үлес қосу әр тұрғын үшін маңызды деп ойлаймын. Жақында №25 балабақшада да тәрбиеленушілер мен ата-аналардың қатысуымен ағаш отырғызу шарасын өткіздік. Бүгін сол бастаманы отбасымызбен жалғастырып, балаларымызбен бірге саябаққа келдік. Науқан туралы Instagram парақшасынан біліп, қатысуға өтінім бердім. Балаларды кішкентайынан табиғатты аялауға, ағаштар мен өсімдіктерге қамқорлық жасауға баулу керек, – дейді ол.
Қаланы жасыл желекке бөлеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Жоба жетекшісі Дәурен Құсайыновтың айтуынша, саябақ аумағына 1000 түп ағаш отырғызу жоспарланған. Көшеттерді «Гидропром» ЖШС жеткізген. Олардың ішінде қарағай, үйеңкі, алма ағашы, қайың мен терек көшеттері, сондай-ақ, бөртегүл бұталары бар.
«Гидропром» ЖШС агрономы Әлибек Данияровтың мәліметінше, ағаш отырғызу жұмыстары қазан айының соңына дейін жүргізіледі. Жасыл желек егілетін аумақтың жалпы көлемі 10 гектарды құрайды. Сонымен қатар саябақ аумағына көгал мен беде егілген. Отырғызған көшеттердің жерсініп, жақсы өсуі үшін бір жыл бойы күтім жасалады. Осы кезеңде ағаштарды уақытылы суарып, олардың жай-күйін бақылауға ерекше көңіл бөлінеді.
Айта кетейік, қыркүйек айының басында жөндеу жұмыстарынан кейін толық ашылған «Шахтер» саябағында тұрғындардың жайлы демалысына арналған бірқатар нысан пайдалануға берілді. Саябақта шағын сәулеттік нысандар орнатылып, автоматты суару жүйесі іске қосылған. Сонымен қатар, субұрқақ, бетоннан жасалған скейт-парк, воркаут алаңдары мен ауызсу бұрқағы жабдықталған. Мұнда төрт модульдік санитарлық торап, бес коммерциялық павильон және жас жұбайлар аллеясы да бар.
Саябаққа отырғызылған әрбір көшет уақыт өте келе тамыр жайып, жасыл желектің көбеюіне септігін тигізеді. Ал ағаштарды күтіп-баптау – баршаға ортақ міндет. Өйткені бүгін отырғызылған әр ағаш – ертеңгі ұрпаққа қалатын табиғи мұра әрі қаланың жарқын болашағына жасалған игі қадам.
Ділназ Серікбай






