Екібастұз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімі мүгедектігі бар азаматтармен жұмыс секторының әмбебап қызметкері Гүлнұр Хамзинаны әп дегенде І топ мүгедектігі бар адам деп ойламайсыз. Көзінің оты жарқылдаған Гүлнұр Жұмабайқызы – өмірге ерекше ұмтылыспен қарайтын жан. Ол бөлімде ақпан айынан бері жұмыс істейді, бұған дейін бала күтімімен үйде отырған.
Гүлнұрдың қызметтік міндеті – мүгедектігі бар азаматтарға мемлекет көрсететін әлеуметтік қызметтерді алу үшін электронды өтінім ресімдеуге жәрдемдесу. Адамдар мұнда әр түрлі өтінішпен келеді, бірі санаторийге жолдама алғысы келеді, енді бірі ортопедиялық аяқ киім, жөргек немесе қоларба сұрауы мүмкін. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтердің көпшілігі цифрлы жүйеге көшкендіктен, электронды өтініш жүйесін жұрттың бәрі түсіне бермейді. Әсіресе жасы ұлғайған адамдарға бұл қиын әрі алаяқтардың арбауына түсіп қалудан сақтану қажет. Гүлнұр мен әріптесі Камила бұл жағынан көмек беруге әрқашан дайын.
Гүлнұр Жұмабайқызы Павлодар мемлекеттік университетінің колледжін бухгалтер мамандығы бойынша тәмамдап, бұған дейін Солнечный кентінің әкімдігінде еңбек еткен. Жұбайы Жасұлан «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ-ында бригадир болып еңбек етеді, 2 және 5-сыныпта оқитын қос бүлдіршінінің бірі – каратэмен, екіншісі домбырамен айналысады.
– Мүгедектігі бар азамат ретінде қандай қиындықтармен жиі бетпе-бет келесіз? – деп сұрадық Гүлнұрдан.
– Барлық жердегі проблема – пандустардың жоқтығы, – дейді Гүлнұр. – Тротуарлар да барлық жерде ойдағыдай емес. Жағымды мысалдарды айтар болсам, қалаішілік автобустар кіріп-шығуымызға ыңғайлы. 31-шағынаудандағы Әбу Ханифа мешітінде де мүгедектігі бар азаматтардың жүріп-тұруы қаперге алынған. Ірі сауда үйлерінде де жағдай жақсы. Десе де көптеген кәсіпкерлік нысандар біз үшін қолжетімсіз. Жұбайым – Ерейментаудың тумасы. Астанаға жақын болғандықтан ба, Ерейменде мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұруы жақсы ойластырылған. Ол жақта пәлендей қиындық көрмеймін. Ал біздегі жекеменшік емханалардың кейбірінің табалдырығынан әрі өту мүмкін емес.
Міне, Камила мен Гүлнұрдың алдына екі азамат келді. Бірі – ІІ топ мүгедектігі бар Виталий. 37 жастағы азаматтың санаторийге барғысы келеді. Бұл жағынан жалпы таңдау көп, Қазақстанда санаторийдің түр-түрі бар. Бөлім қызметкерлерінің көмегімен өтінім қалдырған Виталий санаторийдің қайсысына баратынын үйінде ойланып шешетін болды.
Бала кезінен арбаға таңылған Гүлнұр мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсететін ешбір қоғамдық ұйымдармен байланыста болмапты. Олар жайлы ақпарат та білмейді. Мүгедек жандардың қатысуымен өтетін мәдени шараларға да қызығушылық танытып көрмеген. «Ондайға уақытым жоқ», – дейді ол.
Гүлнұрдың мотиваторы – отбасы, екі перзенті. Оларға білім мен тәрбие беру жолында өмір сынағын қайыспай жеңіп келе жатқан қайсар әйелді батыр ана десек, әбден жарасады.
Ж.ӘБДІКӘРІМ






