Екібастұз қаласының әкімі аппараттық кеңес өткізіп, онда қаланың көше-жол желісін қысқы кезеңде күтіп ұстау, елді мекендерде қар тазалау жұмыстарын ұйымдастыру және халықты жұмыспен қамту жөніндегі өңірлік картаның орындалу барысы қаралды. Жиынға ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, коммуналдық сала өкілдері және жауапты мекемелердің қызметкерлері қатысты.
Қыс мезгілінде автокөлік пен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында қала көшелерін, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын және орамішілік аумақтарды күтіп ұстау жұмыстары ұйымдастырылады. Қаланың көше-жол желісінің жалпы қашықтығы 177,9 шақырымды құраса, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының қашықтығы 290,4 шақырымға жетеді.
Осы туралы баяндаған ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Мәди Зайкеннің айтуынша, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға биыл 96,9 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде 25,9 млн теңге тікелей қысқы күтіп ұстау жұмыстарына бағытталған. Бұл жұмыстарға бірнеше мердігер ұйым тартылған: «Tazalyk EK» ЖШС Екібастұз – ГРЭС-1 – Басқамыс, ГРЭС-1 – Төртүй – Тай бағыттарындағы және қала маңындағы бірқатар жол учаскелеріне жауапты. «Диас-Дар» ЖШС жылыжайға кіреберіс жолды және ГРЭС-2 – Сарықамыс бағытын күтіп ұстайды.
Қаланың көше-жол желісін күтіп ұстауға 2026–2028 жылдарға 6,6 млрд теңге қарастырылған. Оның 2026 жылға арналған көлемі – 2,1 млрд теңге. Биылғы қаржыландыру аясында қысқы күтіп ұстау жұмыстарына 551,2 млн теңге жоспарланып, бұл міндеттер «Ардабил ЛТД», «Екібастұзкоммунсервис» және «Диас-Дар» ЖШС-теріне жүктелді.
Қысқы маусымға дайындық барысында 3 300 тонна құм мен қиыршық тасты қамтитын тайғаққа қарсы материалдар әзірленген. Қар тазалау және жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына шамамен 107 арнайы техника жұмылдырылмақ.
– Орамішілік аумақтарды қысқы күтіп ұстауға 271,1 млн теңге бөлінген. Бұл бағыттағы жалпы қаржыландыру көлемі – 1,3 млрд теңге. Жұмыстар муниципалдық округтерге қарай үш мердігер ұйымға бөлінді. Соның ішінде «Екібастұзкоммунсервис» ЖШС Орталық және Оңтүстік муниципалдық округтерге, «Диас-Дар» ЖШС Энергетикалық және Теміржол муниципалдық округтеріне, ал «Ардабил ЛТД» ЖШС Тау-кен және Солтүстік муниципалдық округтеріне жауапты. Ауылдық елді мекендерде де қар тазалау және шығару жұмыстары мердігер ұйымдар арқылы жүзеге асырылады, – дейді бұл туралы бөлім басшысы.
Жалпы, мердігер ұйымдардың қысқы кезеңдегі жұмыстарға дайындығы келісілген. Қыс бойы жұмыстардың сапасы мен уақытында орындалуына тұрақты бақылау жасалып, ауа райы қолайсызданған жағдайда жедел шаралар қабылданады. Қала әкімі Аян Бейсекин көшелер мен аулаларды қардан уақытылы тазалап, тұрғындардың қауіпсіздігін және көлік қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз ету мәселесін бақылауда ұстауды ескертті.
Аппараттық кеңесте халықты жұмыспен қамту бағытындағы көрсеткіштер де қаралды. 13 қазандағы жағдай бойынша Екібастұз өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалуы 120,6%-ды құрады. Жоспарланған 3472 жұмыс орнының орнына 4187 жұмыс орны ашылған. Оның 3463-і – тұрақты жұмыс орындары.
– Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тұрақты жұмыс орындарын құру көрсеткіші артқан. 2025 жылы ашылған 4671 жұмыс орнының 3539-ы тұрақты жұмыс орны болып, үлесі 75,7%-ды құраса, 2026 жылы 4187 жұмыс орнының 3463-і тұрақты жұмыс орнына тиесілі болып, көрсеткіш 82,7%-ға жетті, – деді жағдайды баяндаған халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Зейнеп Жақсыбаева.
Жеке бастамалар аясында жүзеге асырылатын «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» жобасы аясында жоспарлы көрсеткіш артығымен орындалған. Қалада 1060 жұмыс орны ашылады деп жоспарланса, нақты құрылған жұмыс орындарының саны 1447-ге жетіп, жоспардың орындалуы 136,5%-ды құрапты. Бұл көрсеткіш 2026 жылға арналған экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі меморандумға енгізілген.
Бөлім басшысы Зейнеп Опабекқызының айтуынша, бос жұмыс орындарына орналасу бағытында оң нәтижелер бар. Мансап орталығы арқылы 1600 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланса, нақты 1893 адам жұмыспен қамтылған. Бұл жоспардың 118,3%-ға, яғни, артығымен жүзеге асырылғанын көрсетеді.
Ұлттық жобалар аясында 192 адамды жұмыспен қамту жоспарланған, ал нақты жұмысқа орналасқандар саны 199 адамды құрап, көрсеткіш 103,6%-ға орындалған. Олардың 96-сы тұрақты жұмыс орындарына орналасқан.
Субсидияланатын жұмыс орындарына келсек, мұнда да жоспарлы межелерге қол жеткізілген. Қоғамдық жұмыстарға 252 адамды жіберу жоспарланса, нақты 269 адам қамтылып, көрсеткіш 106,7%-ды құрады. Әлеуметтік жұмыс орындарына 118 адамның орнына 128 адам орналастырылып, жоспар 108,5%-ға орындалды. «Күміс жас» жобасында жоспарланған 65 адамның орнына 67 адам жұмысқа орналастырылыпты (103,1%). Жастар практикасы аясында 150 түлекті қамту жоспарланған, нақты 157 түлек жұмысқа орналасты (104,7%).
Мүгедектігі бар адамдарға бөлінген 27 жұмыс орнының 26-сы қамтылды. Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмыспен қамту жоспары толық орындалды: жоспарланған 10 адамның барлығы жұмысқа орналастырылды. Ал бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтар арасында 12 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, қазіргі уақытта 10 адам жұмысқа тұрған.
Кеңесте қайтарымсыз гранттар беру мәселесі де айтылды. Облыстық деңгейде қаржыландырудың екінші легінің тоқтатылуына байланысты Екібастұзда грант беруге қатысты жоспарлы көрсеткіш 45-тен 27 бірлікке дейін төмендетілген. Ағымдағы жылы қосымша қабылдау жүргізілмейді.
Баяндама барысында ауылдардың барлығында жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстардың аса нәтижелі емес екені анықталды. Осы орайда ауыл әкімдеріне тапсырма берген қала әкімі Аян Уахитұлы алдағы жылы ашылатын жұмыс орындары санын алдын ала жоспарлауды ескертті. Сондай-ақ, бейресми жұмысқа орналасқандардың құжатын тексеріп, жұмысты барынша заңдастыруды тапсырды.
ГҮЛСАНА МЕДЕУБАЙТЕГІ





