«Өнер» мәдениет сарайында орналасқан №3 кітапхана – коммуникациялар орталығында халық композиторы, әнші Жарылғапберді Жұмабайұлының туғанына 175 жыл толуына арналған рухани кеш өтті. Кешті қаламгер ұстаз, «Отарқаның» штаттан тыс тілшісі, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Қайролла Дүйсенбайұлы өрнекті жырымен ашты.
Жарылғапберді Жұмабайұлы 1851 жылы Баянауыл ауданының қазіргі Күркелі ауылдық округі аумағындағы Жарылғап қорасы деген жерде дүниеге келген, зираты да сол жерде: округ орталығы – Жұмат Шанин ауылынан 11 шақырым қашықта орналасқан. 2012 жылы мәңгілік мекені жаңғыртылып, ұрпақтары белгітас қойған.
«Жарылғапберді – Арқа әншілік дәстүрінің көрнекті өкілі. Ол жастайынан домбыра тартып, ән айтуға бейім болып, ел ішіндегі сал-серілердің өнерін бойына сіңіріп өсті. Біржан салды ұстаз тұтып, Арқаның әншілік дәстүрін жалғастырған. Бізге жеткен деректерде «Біржан салдың тікелей шәкірті» делінген. Өз дәуірінде Шормановтар әулетімен тығыз байланыста болған. Халық оны ерекше дауыс мәнері, таза әуезі үшін «күміс көмей әнші» деп атаған. Ең танымал туындылары: «Ардақ», «Топайкөк», «Ғайни», «Үш дос», «Келіншек» және де басқа әндер. Жарылғапберді мұрасының ішінен бізге әлі де бейтаныс дүние – «Жарылғапберді сарыны». Затаевичтің жинағында бұл сарынның төрт түрі бар делінеді. Осылайша оның ғажап әуендері хатқа түсе бастады. Қазіргі уақытта Жарылғапберді Жұмабайұлы әуендерінің сиқырлы күші, киелі мағынасы халық жадында сақталған және оның музыкалық мұрасы зерттеліп, одан әрі жетілдірілуде», – деп жүргізуші дерек берген соң, «Тұмар» ансамблінің жетекшісі Гүлбаршын Сәбитова шәкірттерімен бірге «Күй – домбыра» шығармасын орындап берді.
Кеште Жарылғапберді мұрасын насихаттауда өлшеусіз еңбек етіп жүрген азамат – Құдайберген Ыңқашұлы сөз алып, әншінің есімін ұлықтау бағытында атқарылған шараларды атап өтті. Ол көпшілікке Жарылғапберді Жұмабайұлының 1913 жылы жарық көріп, биыл қайта басылып шыққан кітабын таныстырып (бұл кітап жайлы толық мәлімет бұған дейін газетімізде жарық көрген – Ж.Қ.), Меруерт Құрманғалиеваның (композитор Ғарифолла Құрманғалиевтың немересі) таяуда ғана жарыққа шыққан «Жарылғапберді сал: ақиқат ізімен» атты кітабындағы тың мәліметтерді тілге тиек етті. Атап өтерлік жайт, Құдайберген аға – Жарылғапбердінің ағасы Жұмағұлдың шөбересі. Сазгер мұраларын 2012 жылдан бері тұрақты насихаттап келе жатқан Құдайберген Ыңқашұлы аталған кітаптардың тұсаукесері әншінің өз елінде өтетінін айтып, Павлодардағы Майра музейінен Жарылғапбердіге арналған мүйіс ашылғанын да сүйіншіледі.
Қаламгер Сайлау Байбосын болса: «Жарылғапберді – «Әнді ерттеп, күйді мінген» дейтін жампоздың нақ өзі. Заманында әнші Жарылғап, балуан Жарылғап атанған», – дей келе, Жарылғапбердінің мерейтойлары жоғары дәрежеде атап өтілмей жүргеніне реніш білдірді. Сондай-ақ ол сазгердің «Шама» әні бұл шығармаға еш қатысы жоқ авторға телініп кеткенін еске салды. Бірнеше жыл бұрын Сайлау ағамыз «Жарылғапбердінің де жағасына қол салдық немесе «Шама» кімнің әні?» атты мақала жазып, онда «Алаш айнасы» газетінде бұған дейін Жарылғапбердінікі делініп келген белгілі «Шама» әні Қанжығалы Шама Нұрұлынікі екен деген мақала жарияланды (авторы Ж.Жұмакүлбай)» деп атап өткен-ді. Бұл мақаланың толық нұсқасын ғаламтордан оқуға болады.
Әншінің кеші әнсіз өткен бе?! Бұл шарада жезтаңдай әнші Сұңғат Көпежанов Жарылғапбердінің тағдырлы әні – «Ардақты» әуелетті. Осы орайда біз «Ардақ» әні жайлы мына бір деректі ұсынғанды жөн көрдік.
Өнертанушы Ерлан Төлеутай өзінің «Баянауылдың дәстүрлі ән өнері» (Алматы, 2006) атты кітабында «Ардақ» әнінің тарихына тоқтала отырып, былай деп жазады: «Жазушы Зейтін Ақышев осылай дей келе, Жаяу Мұсаның Салық деген баласынан естігеніміз деп «Ардақтың» үшінші ауызын былайша келтіреді:
Ой, Ардақ, сен ақ қоян шыңда жатқан,
Мен мерген қылта жерден дәлдеп атқан.
Атқан оқ нысанаға дәл тисе де,
Ажалдан сені, сәулем, қалай қаққан?».
Тұспалдап жазған бұл шумақтың жұмбағының шешуін Мұсаның Салығы тыңдаушыларына «Екіқабат болып қалмай қалай аман кеттің» деп түсіндіретін көрінеді. Кейін ән айтыла келе «Ардақтың» бұл шумағы замана сынынан өте алмай ұмытылып қалған тәрізді. Бұл деректі әңгімені Салық әкесі Жаяу Мұсаның аузынан талай естіген едім деп отырады екен. Сөзін Сәдуақас жазса да, «Ардақ» әні Жарылғапбердінің әншілік-композиторлық кемеңгерлігінің арқасында зор музыкалық қасиетке ие болып, уақыт тезінен аман өтіп, «әлемдік музыка өнерінің табысы» (Затаевич) ретінде бағаланып келеді. Осы жерде «Ардақ» әні шын мәнінде Жарылғапбердінікі деген ақиқат пікірге соңғы нүктені қою үшін Қали Байжановпен өмірінің соңғы 20-30 жылын бірге өткізген, Қалекең қайтыс болғанда өз қолымен арулап жөнелткен қарағандылық Омар ақсақалдың «Ардақ» турасындағы сөзімен түйіндесек дейміз: «Ардақ» басқанікі еді дегенді Қалекең өмір бойы мойындаған емес. «Халық әні» дегенді естігенде бұлқан-талқан ашуланатын. Өзі айтқанда, «Жарылғапбердінің Ардағы» деп бастайтын». Олай болса, сол «Ардақ» әнінің сөзінің толық әрі дұрыс нұсқасын ұсынайық.
Ардақ
Ой, Ардақ, сен ақ қоян секеңдеген,
Соңыңда бір тазым бар жетем деген.
Ойымда үш ұйықтасам бар ма менің,
Айырылып сенен, сәулем, кетем деген.
Ой, Ардақ, сен ақ қоян шыңнан қашқан,
Артыңда мен ақ сұңқар түлеп ұшқан.
Қан қылмай ақ жүніңнен бір ілгізші,
Тамаша қарап тұрсын дос пен дұшпан».
Жарылғапберді 1902 жылы қажылыққа барып, одан араға екі жыл салып 1904 жылы оралса керек. Ол дін шарттарын орындап, өлеңді қойып кеткен дейді. Бірақ жазушы Зейтін Ақышевтың 60-шы жылдардың аяғында баянауылдық Сәду Қыдырбайұлы атты ақсақалдан жазып алған төмендегі естелігі Жарылғапбердінің өлеңді оңайшылықпен қоймағанынан хабар бергендей: «Жарылғап қажы Меккеден келген соң ағайын-жұртқа амандасам деп ел аралайды. Бір күні Мүсәлім болыстың ауылына келеді. Болыстың әйелі бес қыз тауып, ұлға зар екен. Жарылғап қажы қонып жатқан түні Зейпін бәйбіше толғатып, ұл табады. Мүсәлім болыстың қуанышында шек болмайды. Баланың Меккеден жаңа келген Жарылғап қажы қонып жатқанда туғанын ырым көреді. Шілдехана, той-думан басталып кетеді. Жиналған жұрт қолқалап болмаған соң Жарылғап қажы ән салады. «Ардақты» тастап жіберіңіз» деген дауыс шығады. Неге екенін білмеймін, омырауды ашып тастап, әннің бірінен кейін бірін жосылтып отырған қажы қысылып қалды, ұялғандай, көзінен күлкі білінгендей болды. Біраз отырды да, басын шайқап қалып, «Ардақты» аңыратып қоя берді», – дейді Сәду қарт. Жарылғапбердіні Мүсәлім үш-төрт күнге дейін жібермейді. Дәл жүрерде жаңа туған сәбиге ат қойып кетіңіз деп өтінеді. Жарылғап баланың атын Хыкмет қойды. Мүсәлім оған ат мінгізіп, қолына құлынды бие жетелетіп аттандырды». Дерек берушінің бұл жерде «қажы қысылып ұялғандай болды» деп отырғанының құпиясы Жарылғапбердінің шәкірті Жабай Тоғандықовтың естелігі бойынша мынадай жағдайда жатса керек: «Сәдуақас Шорманұлының Мәкен қызбен арадағы Құлболды-Қаржасқа жария болған атақты оқиғасынан кейін Жарылғапберді «Ардақ» әнін шығарып, ел ішінде айтып жүреді.
«Баянауылдың дәстүрлі ән өнері» кітабында Ерлан Төлеутай бұл туралы былай деп жазады: «Ел ішінде Жарылғапбердіні Шорманның әншісі деп те атаған. Шорман тұқымының басыбайлы әншісінің мұндай бассыздығына күйініп, қаны басына шапқан Сәдуақастың адуын бәйбішесі әншіні шақырып алып былай дейді: «Сіз, Жәке, «Ардақ» деген әніңізді әр жерде айтып жүр деп естимін. Ол ән түн қараңғысында тайғанақ мұздан шыққанын білесіз ғой. Бұдан былай ол әнді айтқаныңыз құлағыма тисе, өкпелемеңіз», – депті. Міне, біз суреттеп отырған Зейнеп бәйбішенің қаһарынан қорыққан Жарылғапбердінің «Ардақты» айтшы» дегенде ұялып, қысылып қалғандығының құпиясы осы болса керек деп шамалаймыз».
Атап өтерлік жайт, сазгерді еске алуға арналған шараны №3 кітапхана – коммуникациялар орталығының кітапханашылары: Ләззат Омарова, Айнагүл Құспекова, Назым Досымханова және Бәйет ауылдық кітапханасының кітапханашысы Кәкима Тәжмағанбетова әзірледі.
Кеш көрермендері Құдайберген Ыңқашұлының Майқайың кентіндегі музыка мектебіне және Екібастұз қаласының бір көшесіне Жарылғапберді Жұмабайұлының есімі берілсе деген ұсынысына бірауыздан қолдау білдірді. Ономастика саласына жауапты билік өкілдері бұл ұсынысты жерде қалдырмас деп ойлаймыз.
ЖАНАРГҮЛ ҚАДЫРОВА









