Елімізде қызмет көрсетудің барлық саласына цифрландыру үдерісі дендеп енгенімен, халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы ұзын-сонар кезектер азайған жоқ. Десе де көптеген қызметтерге, соның ішінде анықтамаларға қол жеткізу жеңілдеді. Тіпті цифрлық ресурстардың арасында бәсекелестік артып, бұрын түрлі кәсіпорындарды аралауға уақыт шығындататын бірқатар анықтаманы 2-3 минутта алу мүмкіндігі туды. Бірақ ХҚКО-сыз бітпейтін шаруалар аз емес.
Екібастұз қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Геннадий Арсютинмен өткен брифинг осы тақырыптарды қамтыды.
Соңғы уақытта мемлекет көрсететін қызметтер жүйесінде қандай өзгерістер болды?
Соңғы кезде мемлекеттік қызметтер жүйесі азаматтар үшін мейлінше ыңғайлы жағдайға көшті. Артық әрекеттер азайып, үдерістер оңтайландырылды, ведомствоаралық әрекеттестік нығайды, бір сөзбен айтсақ, қызметтердің бәрі қолайлы цифрлық форматқа ауысты.
Мұның бәрі қызмет алу ортасын түбегейлі өзгертуде. Жыл соңына дейін Павлодар облысында жаңа форматтағы халыққа қызмет көрсету орталығын, яғни, AI-кеңсе ашу жоспарлануда. Мұндай кеңселер еліміздің басқа аймақтарында бар. Бұл азаматтар мемлекеттік қызметтерді сандық терминалдар мен eGov GPT қосалқы көмекшісі арқылы ала алатын, қажет жағдайда кеңесшіге жүгінетіндей кеңістік болмақ. Кеңседе экспресс-аймақ, сандық және сараптамалық аймақтар болады, сондай-ақ, азаматтарға цифрлық қызметтермен жұмыс істеу тұрғысында білім беретін кеңістік ашылмақ. Дайын құжаттарды жеткізу қызметін жеке атап өткім келеді. Егер нақты мемлекеттік қызметтер бойынша мұндай мүмкіндіктер қарастырылса, азамат өтінім бергенде жеткізу қызметін ресімдей алады. Қызмет ақылы және қолданыстағы тарифтер бойынша төленеді. Дайын құжатты алу үшін ХҚКО-ға қайта келудің қажеті жоқ, құжат көрсетілген мекенжайға жеткізіледі. Яғни, бүгінгі таңда қызметтердің өзінде ғана емес, оларды алуда да өзгерістер бар: әр азамат үшін бәрін қарапайым, түсінікті және ыңғайлы етіп жасау ойластырылуда.
Қай қызметтерді онлайн тәртіпте алуға болады? Қайсысы ХҚКО-ға баруды талап етеді? Жалпы, азаматтың мемлекетпен өзара қарым-қатынасы қалай өрбіп жатыр?
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы онлайн форматта, 96 пайызы смартфон арқылы қолжетімді. Бұл мемлекеттік қызметтерді алу жүйесіндегі өзгерістердің қаншалықты ауқымды екенін көрсетсе керек; азаматтар көптеген мәселелерді ХҚКО-ға келмей-ақ шеше алады.
Жылжымайтын мүлік, көлік ресімдеу, тұрғылықты жерге тіркелу, анықтамалар алу, ЭЦҚ ресімдеу және басқа да сұранысқа ие қызметтер цифрлық форматта қолжетімді. Солай бола тұра ХҚКО азаматтың өз басының қатысуын қажет ететін тұстағы орнын сақтап қалды, мәселен, биометриялық бірегейлендіруді талап ететін құжаттарды әзірлеуде, түпнұсқа немесе заңда қарастырылған басқа да процедуралар талап етілгенде.
Жалпы, азамат мемлекеттік қызмет алған кезде ХҚКО-дан не күте алады?
Ең бірінші, түсінікті әрі қисынды қызмет көрсетуді. Азамат қызметті көрсету тәртібінің және белгіленген мерзімнің сақталуын талап етуге, толық ақпарат алуға және қызметкерлерден әдепті қарым-қатынас көруге құқылы. Адам өзінің шаруасының қай сатыда екенін және нәтижеге жету үшін не істеуі керектігін түсінуі қажет – Мемлекеттік корпорация үшін бұл аса маңызды.
Заңнамада өтінім иесінің қандай негізгі құқықтары белгіленген (қызмет көрсету мерзімі, қажетті құжаттар тізбесі, өтінімнің қаралу барысы жайлы ақпарат алу, бас тарту себептері)?
Әрбір мемлекеттік қызмет үшін нақты тәртіп белгіленген: қызмет көрсету мерзімдері, қажетті құжаттар тізбесі, нәтижеге қойылатын талаптар.
Жүгінген уақытта азаматқа нақты қызметті алу үшін қандай құжаттар мен мәліметтер қажеттігі жайлы ақпар беріледі. Сонымен қатар цифрландыру аясында мемлекеттік ақпараттық жүйедегі мәліметтер автоматтандырылған тәртіпте сұралады, азаматтарға оларды қайта көрсетудің қажеті жоқ.
Егер бас тарту жөнінде шешім шығарылса, оның себебі түсіндірілуге тиіс. Яғни, азамат шешілмеген мәселемен ғана бетпе-бет келмей, оның негіздемесін және ары қарайғы әркеттер тәртібін білуі керек. Бұл жүйенің ашықтығын арттырып, адамға мәселені шешу үшін нені түзеу, нені толықтыру керегін түсіндіреді.
Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартылса немесе қызмет көрсету мерзімдері бұзылса, не істеу керек?
Мұндай жағдайда шыққан шешімнің себебі және өтінім мәртебесі жайлы ақпарды білу керек. Азамат өзінің құқы бұзылды деп санаса, шешімге шағымдануға құқылы. Шағымдану тетігі мемлекеттік қызмет сапасын арттыратын және азаматқа өз құқын қорғауға мүмкіндік беретін құрал екенін айтқым келеді.
Шағымданудың бекітілген мерзімі бар ма, қайда жүгіну қажет?
Шағымды қызметті көрсетушіге тиісті лауазымды тұлғаның әрекетсіздігіне қатысты беруге болады. eGov.kz және e-Otinish сияқты өзара қарым-қатынастың электронды арналарына да жүгіну қарастырылған.
Қызмет көрсетушіге немесе Мемлекеттік корпорацияға келіп түскен шағым тіркелген уақытынан бастап 5 жұмыс күні ішінде қарастырылады. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және қадағалау жөніндегі құзырлы органның шағымды қарау мерзімі – 15 жұмыс күні.
Цифрлық қызметтерді қолдана алмайтын адамдар мемлекеттік қызметтерді қалай алады?
Цифрландыру ұғымы азамат технологиямен бетпе-бет жалғыз қалды дегенді білдірмейді. Егер адам технология тілін білмейтін болса, ХҚКО-ға келіп, тиісті көмекті ала алады. Өзіне-өзі қызмет көрсету секторында қызметкерлер электронды қызметтің мән-жайын түсіндіріп, ресімдеуге қолұшын береді.
І және ІІ топ мүгедектігі бар азаматтар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, сырқаты ауыр азаматтарға қызмет кезектен тыс көрсетіледі. Жүріп-тұруы қиын, денсаулығы нашар азаматтарға үйде тегін қызмет көрсету қарастырылған. Ол үшін маманды 1414 бірыңғай нөмірі арқылы шақыру қажет.
Қызметті барынша жылдам әрі сапалы алу үшін азаматтардың қандай қарапайым жайттарды қаперде ұстағаны жөн?
Әуре-сарсаңға түспеудің қарапайым қағидалары – жеке куәлік пен төлқұжаттың жарамдылық мерзімін тексеру, телефон нөмірінің мобильді азаматтар базасында тіркеуде бар-жоғын пысықтау, ЭЦҚ-ның қолданыста болуына көз жеткізу, сонымен қатар, нақты қызметтерге талап етілетін өзге де құжаттардың немесе төлемдердің болуы. ХҚКО-ға барар алдында қажетті мемлекеттік қызметті алу талаптарымен танысу да артық болмайды. Біздің ортақ міндетіміз – азаматтың бірінші келгеннен-ақ шаруасын шешіп кетуіне қол жеткізу. Сондықтан қашанда ХҚКО-дан немесе 1414 нөмірінен кеңес сұрауға болады.
Ж.ЖАПАРОВА






