Екібастұз қаласы әкімінің есеп беру кездесулері Ақкөл ауылдық округіне қарасты Жақсат ауылында жалғасын тапты.
Жақсат ауылында 100-ден аса адам тұрады. Мұндағы өзекті мәселелер – жол мен су проблемасы.
Әсіресе, ауызсу мәселесі күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болып отыр. КБМ-нің әбден тозғанын айтқан Жексенбай есімді тұрғын оның бөлшектерін ауыстыруды сұрайды.
Ақкөл ауылдық округінің әкімі Ерлан Қабылтаевтың айтуынша, КБМ 2001 жылы салынған. Жиырма жылдан астам уақыт пайдаланылған темір конструкцияның тозығы жеткендіктен, жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Ауыстыруға шамамен 6,5 миллион теңгедей қаржы керек екен.
Шаһар басшысы Аян Бейсекин қажетті қаражатты келесі жылдың бюджетіне енгізіп, көктемде темір конструкцияны ауыстыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
«Суды үйге кіргізе алмай жүрмін», – деген тұрғын ауылдардағы халық санының аздығына байланысты мұндай жұмыстарға қаржы бөлінбейтіні туралы жауап алды.
Жақсаттықтарды толғандыратын тағы бір мәселе – жолдың жайы. Жолайрықтан ауылға дейінгі бірнеше шақырым жолды жөндеуге 77 миллион теңге қажет.
– Алдымен жоспарға енгізілген Төртүй мен Тай ауылдарының жолын жөндеу көзделіп отыр. Ал Жақсат ауылының жолын жөндеу мәселесі, мүмкіндік болса, келесі жылдың бюджетінде қарастырылады. Олай болмаған жағдайда бұл жұмыс 2028 жылға қалуы мүмкін, – деді Аян Уахитұлы.
Қала басшысы Ақкөлге апаратын жолдың жағдайына да сын айтты. Миллиардтаған теңге қаржы жұмсалған жол бүлініп жатыр, әсіресе, ауыр жүк көліктері жол бетін шұрық-тесік қылған.
Жақсат ауылының маңында құм зауыты бар. Самосвалдар құмды Екібастұз қаласына және өзге де құрылыс нысандарына тасымалдайды. Ауыр жүк көліктерінің жиі қатынауы да күре жолдың бүлінуіне әсер етуде.
– Бұл жол есепсіз қатынайтын, артық салмақ тиелген жүк көліктеріне арналмаған. Сондықтан олардың бұл жолмен жүруіне шектеу қою керек, – деген қала басшысы құм зауытының өкіліне ескерту жасады.
Кездесуде зауыт өкілі көліктерге тиелетін жүктің салмағы белгіленген шекті мөлшерден аспайтынын айтып сендірді. Алайда күн сайын осы жолмен қатынайтын ауыр жүк көліктерінің салмақ шектеулерін қаншалықты сақтайтыны күмән тудырады. Өйткені миллиардтаған теңге жұмсалған жолдың қазіргі жағдайы оған түсетін салмақтың аз еместігін аңғартады.
Ауыл тұрғындарымен кездесуде А.Бейсекин жақсы жаңалық жеткізді. Алдағы уақытта ауылға қандастар көшіп келіп, тұрғындар санын көбейтпекші.
Жалпы, ауылдың жағдайы жақсы, қысқа дайындық та аяқталған. Кездесу қорытындысында қала әкімі жауапты органдарға тиісті тапсырмалар беріп, ауылдағы ахуалды тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.
КЕНЖЕ ҚУАТ





