Қалалық коммуникациялар қызметінде Екібастұз өңіріне инвестициялар тарту және негізгі инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі жұмыстың ағымдағы жай-күйіне арналған брифинг өтті. Брифингте ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің бас маманы Жанәли Утешов инвестициялық белсенділіктің негізгі көрсеткіштерін, жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларды, инвесторларды сүйемелдеу жұмыстары және жыл соңына дейінгі негізгі міндеттер туралы баяндады.
Екібастұз – Павлодар облысындағы инвестициялық белсенділіктің негізгі орталықтарының бірі. Қазіргі уақытта қалада жалпы құны шамамен 7,1 трлн теңге болатын 33 инвестициялық жоба сүйемелдеуде. Бұл жобалар аясында 8,7 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген. Аталған жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға, энергетика саласын дамытуға, жаңа өндірістер ашуға және халықты жұмыспен қамтуға бағытталған.
Қазіргі кезде Екібастұз өңірінде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 255,7 млрд теңгені құрап отыр. Бұл 2026 жылға белгіленген 495 млрд теңге жылдық жоспардың 51,7%-ына тең. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 128,7%-ды құрайды. Яғни, өңірдегі инвестициялық белсенділіктің артқанын аңғартады.
Қаладағы инвестициялық жобалардың ауқымы облыс пен республика деңгейіндегі көрсеткіштерден де байқалады. Ұлттық цифрлық инвестициялар платформасының деректеріне сәйкес, Қазақстанда жалпы сомасы 102,5 трлн теңге болатын 3 186 инвестициялық жоба мониторингте тұрса, соның ішінде Павлодар облысында жалпы құны 12,8 трлн теңге болатын 161 жоба сүйемелдеуде. Ал осы облыстық инвестициялық портфельдің 7,1 трлн теңгесі Екібастұзда жүзеге асырылып жатқан жобаларға тиесілі. Яғни, Павлодар облысындағы барлық инвестициялық портфельдің 56%-ы – Екібастұздың үлесі.
Тек өткен жылдың өзінде жалпы сомасы 1,1 трлн теңгеден астам 11 жоба инвестициялық пулға қосылған. Олардың қатарында деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құру, қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу, алюминий зауытын ашу және жұмыс істеп тұрған жылыжай кешенін кеңейту жобалары бар.
Қаладағы инвестициялық жобалардың құрылымында энергетика және металлургия салалары жетекші орын алады. Жалпыұлттық инвестициялық пулға жалпы құны шамамен 7,1 трлн теңге болатын 28 жоба енгізілген. Осы жоба шеңберінде 8 633 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Ал өңірлік пулға жалпы сомасы шамамен 2,3 млрд теңге болатын 5 жоба кіреді (75 жұмыс орны).
Инвестициялық портфельдегі ең ірі жобалардың қатарында МАЭС-3 құрылысы бар. Оның құны 3 трлн теңгеден асады. Сонымен қатар, Екібастұз МАЭС-2-ні кеңейту және реконструкциялау жобасының құны шамамен 1,28 трлн теңгені құрайды.
Өнеркәсіптік бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – Rail Way Steel электрометаллургиялық кешенін салу. Жобаның құны – 750 млрд теңге.
Бұлардан басқа, ферроқорытпа және металлургиялық өндірістерді салуға бағытталған бірқатар ірі жоба іске асырылуда.
Екібастұздың энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға, өндірістік қуаттарды арттыруға бағытталған жаңа кәсіпорындардың ашылуы қосымша жұмыс орындарын құруға және қаланың экономикалық тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.
2025-2026 жылдары Жалпыұлттық инвестициялық пулдан жалпы құны 256,7 млрд теңге болатын 10 жоба іске асырылып, пайдалануға берілді. Олардың қатарында «EkibastuzFerroAlloys» және «Kazferro Limited» ферроқорытпа зауыттары, «RailCast Systems» ЖШС-нің соғу-бандаж кешені, «Fonet Er-Tai Mining» гидрометаллургиялық зауыты бар. Сонымен қатар, «Алиот-Сервис» механикалық өңдеу учаскесі, «Корн Агро» көкөніс қоймасы және «Аквилон Tрейд» логистикалық орталығы да іске асырылған жобалар тізіміне енді.
Ағымдағы жылы жүзеге асырылған маңызды жобалардың бірі – «RailCast Systems» ЖШС-нің соғу-бандаж кешені (535 жұмыс орны). Жобаның құны шамамен 73,3 млрд теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін тағы бірнеше жобаның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Олардың қатарында «Greenhouse-Qaztomat» жылыжай кешені, Шідерті кентіндегі асфальт-бетон зауыты және «Деповской сервис» ЖШС вагон жөндеу депосының екінші кезеңі бар. Соңғы аталған жоба төрт кезеңнен тұрады.
Аталған жобаларды толық іске асыру нәтижесінде жалпы саны 704 адамға тұрақты жұмыс орны беріледі деп жоспарланған.
– Инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын мәселелерді дер кезінде шешу – инвесторлармен жұмыстың маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан ведомствоаралық өзара іс-қимылды қажет ететін мәселелер тұрақты бақылауға алынған, – дейді Жанәли Утешов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Инвестициялық штабтың қарауын талап ететін ашық мәселелер жоқ. Бұған дейін «Kazferro Limited» және «Деповской сервис» жобаларына қатысты қаралған мәселелер жедел тәртіппен шешілген. «Санрайз-ЭК» ЖШС және «Мотор Сити» жобаларына қатысты мәселелер әлі де бақылауда. Бұл бағыттарда жұмыс жалғасуда.
2026 жылдың соңына дейінгі негізгі міндеттер – жоспарланған жобалардың құрылысын аяқтау, қаражаттың нақты игерілуін бақылау және жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз ету. Сонымен қатар, Екібастұзға жаңа инвестициялар тарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Қазіргі уақытта күл-қож қалдықтарын қайта өңдеу, екінші алюминий өндірісін салу және ірі көлік-логистикалық орталық құруға қатысты бірнеше жоба пысықталуда. Бұл жобалар қаланың инвестициялық әлеуетін дамытудың келесі кезеңі ретінде қарастырылуда. Күл-қож қалдықтарын қайта өңдеу жобасы өндірістік қалдықтарды тиімді пайдалануға бағытталса, екінші алюминий өндірісін құру металлургия саласындағы өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашады.
Г.ҚУАТҚЫЗЫ






