Екібастұз өңіріндегі білім беру ұйымдары жаңа оқу жылында оқушыларды қуана қарсы алып, оқу үдерісіне кірісті. Биыл қала мектептерінде 22 304 оқушы білім алса, олардың 2 146-сы алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Жалпы, өңірде мемлекеттік жалпы білім беретін 40 мектеп жұмыс істейді. Оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына 2 100 педагогтен тұратын кәсіби ұжым үлес қосып келеді.
Өңір мектептеріндегі өзгерістер мен білім саласындағы жаңалықтар туралы білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова баяндады.
Лаура Аманқызы айтқандай, жаңа оқу жылында білім беру саласында бірқатар өзгеріс енгізілді. Олар оқушылардың білімін бағалау тәртібін жетілдіруге, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және баланың бойында жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Биылғы басты өзгерістердің бірі – 2-4-сынып оқушыларының білімін бағалау тәртібінің жаңартылуы. Қыркүйектен бастап бұл сыныптарда формативті және аралық бағалау қолданылады. Яғни, бағалау кезінде үй тапсырмасы мен сабақта орындалған жұмыстар ескеріледі. Бағалауда әдеттегідей 1-ден 10 балға дейін қойылады.
Аралық бағалау оқу бөлімдері аяқталғаннан кейін өткізіледі. Оның ұзақтығы – 40 минут. Ең жоғары балл оқушының сыныбына қарай белгіленеді: 2-сыныпта – 12 балл, 3-сыныпта – 14 балл, 4-сыныпта – 16 балл. Сонымен қатар тапсырмаларды рәсімдеу, оқушының тәртібі немесе қолжазбасы үшін балл төмендетілмейді. Тоқсандық баға формативті және аралық бағалау нәтижелерінің негізінде қалыптасады.
Бірінші сынып оқушыларына баға қойылмайды. Дегенмен бұл олардың оқу жетістіктері назардан тыс қалады дегенді білдірмейді. Мұғалім баланың оқу материалын меңгеруін күнделікті бақылайды. Ата-аналармен «Білім класс» электронды жүйесі, жеке кеңестер және ата-аналар жиналыстары арқылы кері байланыс жасайды.
Ал 5-11-сыныптарда бағалаудың қолданыстағы жиынтық жүйесі сақталған. Жиынтық бағалау нәтижелері оқушылар мен ата-аналарға қағаз немесе электронды түрде ұсынылады.
– Цифрлық құралдарды тиімді пайдалану журналдарды жүргізуге, үй тапсырмаларын орналастыруға, оқу нәтижелерін бақылауға және мессенджерлер, форумдар, хабар таратулар арқылы ата-аналармен ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Дейтұрғанмен бұл мұғалім тәулік бойы хабарламаларға жауап беруі тиіс дегенді білдірмейді. Педагог ата-аналарға кәсіби міндеттері аясында кеңес беріп, қарым-қатынастың белгіленген шекараларын сақтауы қажет, – деген бөлім басшысы ата-аналар чатында қарапайым этиканы сақтау керегін ескертті.
Оқу-ағарту министрлігі мұндай байланысқа қатысты ортақ талаптарды, соның ішінде хабарлама жіберу уақыты мен талқыланатын мәселелердің шеңберін белгілеу жайын көтеруде. Күні-түні тынбайтын ата-аналар чатында мұғалімді беймезгіл мазалау дұрыс емес.
Үстіміздегі жылдың 24 қыркүйегінде Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру ұйымдарындағы білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын пайдалануына қатысты арнайы ережелерді бекітті. Белгіленген тәртіпке сәйкес, сабақ басталғанға дейін оқушылар телефонын дыбыссыз режимге ауыстыруы немесе құрылғыны өшіруі керек. Сабақ барысында телефонды пайдалануға рұқсат берілмейді. Дегенмен ережелерде ерекшеліктер де қарастырылған.
– Егер телефон оқу тапсырмасын орындау үшін қажет болса, баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе немесе медициналық көрсетілімдерге қатысты қолдану қажеттілігі туындаса, құрылғыны пайдалануға рұқсат етіледі, – дейді бұл туралы Лаура Аманқызы. – Педагогтер гаджеттерді қандай мақсатта және қандай тәртіппен қолдануға болатынын алдын ала түсіндіреді. Яғни, бұл талап телефондарға толық тыйым салуды емес, олардың сабақ уақытындағы қолданылуын реттеуді көздейді.
Жаңа оқу жылында білім беру мазмұнын жетілдірумен қатар, оқушылардың азаматтық жауапкершілігін, құқықтық сауаттылығын және қоршаған ортаға ұқыпты көзқарасын қалыптастыруға да басымдық беріледі. Осы бағытта «Адал азамат» біртұтас тәрбие тұжырымдамасы мен «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясындағы жұмыстар жалғасын табады.
Экологиялық тәрбие оқу пәндерімен және сабақтан тыс жұмыстармен ұштастырылады. Бастауыш сыныптарда бұл бағыт «Дүниетану» және «Жаратылыстану» пәндері арқылы жүзеге асса, 5-11-сыныптарда – биология, 7-11-сыныптарда география пәндері аясында жалғасады. Мұндай сабақтарда оқушылар экологиялық мәселелерді, табиғатты қорғау жолдарын талқылайды. Бұларға қоса «Эко-адалдық» бесминуттық сабақтары, «Таза Қазақстан» акциялары, сынып және экологиялық сағаттар, «Жасыл клуб», «Экология және өмір» сияқты факультативтік жұмыстар ұйымдастырылуда.
2026-2027 оқу жылында 5-11-сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» курсы өткізіледі. Оған сынып сағаты аясында аптасына 10 минут бөлінеді. Оқушылардың қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға арналған мұндай курсты мектептің педагог-психологтары жүргізеді.
5-7-сыныптарда «Конституция негіздері» пәніне аптасына бір сағат бөлінген. Ал 8-11-сыныптарда «Заң және тәртіп», «Құқық негіздерінен» аптасына бір сағат сабақ өткізу көзделген. Сабақты тарих және құқық пәнінің мұғалімдері жүргізеді.
Сонымен қатар 8-9-сыныптарға арналған «Қазақстан географиясы» пәні енгізіледі. Аптасына екі рет өтетін сабақты география пәнінің мұғалімі жүргізеді.
Брифингте, сондай-ақ, мектеп формасына қатысты талаптар жөнінде де айтылды. Биыл оқушылардың білім беру ұйымдарына орамалмен кіруіне тыйым салынған болатын. Өңірде бұл талаптарға қарсылық тіркелген жоқ.
ГҮЛСАНА МЕДЕУБАЙТЕГІ






