Екібастұздан шалғайда орналасқан Тай ауылында қала әкімінің тұрғындармен кезекті есеп беру кездесуі өтті. Жиында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді айтып, бірқатар ұсынысты ортаға салды.
Ауыл тұрғындары үшін ең өзекті мәселе – тозығы жеткен жол. Қала әкімі бұл мәселенің шешімін табу үшін жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып, жөндеу жұмыстарының келесі жылдың көктемінде басталатынын жеткізді:
– Жол жөндеу жұмыстары бөлінетін қаражатқа байланысты жүргізіледі. Жоспар бойынша келесі жылдың көктемінде жұмысқа кірісуді көздеп отырмыз. Қаражат жеткілікті болса, бір жылда, ал мүмкіндік болмаса, екі жыл ішінде аяқтауға тырысамыз. Өкінішке қарай, қазір республикалық бюджеттен қаражат бөлінбей жатыр. Дегенмен келесі жылы жол мәселесімен айналысатын боламыз.
Кездесуде ауылдағы санитарлық жағдай мен қауіпсіздік мәселелері де көтерілді. Өлеңті ауылының тұрғыны Талғат Балабеков мал қорымының толып қалғанын, жаңасын салу қажеттігін айтты.
– Мал қорымы толып қалды. Биыл қыста мал шығыны көбейген кезде орын жетпей, маңайынан шұңқыр қазып, мал өлекселерін сонда көмуге мәжбүр болдық. Жаңадан мал қорымын салу мәселесін қарастыру қажет деп ойлаймын, – деді ол.
Қала әкімі бұл мәселені талқылап, санитарлық қызмет өкілдерімен бірлесіп тиісті шараларды қарастыратынын айтты.
Ауыл тұрғындары төтенше жағдайлардың алдын алу үшін өрт сөндіру пунктін ашу қажеттігін де атап өтті. Олардың айтуынша, өрт шыққан жағдайда жедел әрекет ету үшін арнайы техника мен тиісті жағдайлар қарастырылмаған. Қала әкімі өрт сөндіру көлігін алуды келесі жылдың жоспарына енгізу қарастырылатынын жеткізді.
Сонымен қатар тұрғындар интернет байланысының сапасына шағымданды. Кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар мен сауалдар назарға алынып, қала әкімі тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар берді.
Жиын соңында шаһар басшысы ауылдардың әлеуетін арттыру және ауыл шаруашылығын дамыту жоспарларына тоқталды. Оның айтуынша, өңірде егіншілікпен қатар, мал шаруашылығын өркендетуге де басымдық беріліп отыр. Бұл бағытта бірқатар жоба әзірленіп, оларды жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде.
– Қазір ауыл шаруашылығын дамыту бойынша бірқатар жоспарымыз бар. Соның ішінде егіншілік пен мал бордақылау алаңдарын ашу жайы қарастырылған. Осы бастамаларды жүзеге асырып, Екібастұз өңірінің әлеуетін арттыруымыз қажет. Ауылдарымыздың мүмкіндігі мол. Сондықтан әр ауылдың дамуына жағдай жасап, оларды тіршілігі қарқынды, әлеуеті жоғары елді мекендерге айналдыруымыз керек, – деп түйіндеді қала әкімі.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ







