Қоғамның тұрақты дамуы мен ел ішіндегі татулық өзара құрмет пен түсіністіктен басталады. Қазақстанда түрлі этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруі – ел бірлігінің айқын көрінісі. Осы тақырыпта С. Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінде «Ұлтаралық келісім – қоғамдық тұрақтылықтың негізі» атты ақпараттық-түсіндіру шарасы өтті.
Іс-шараға «Ана ұлағаты» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, «Асыл әжелер» ансамблінің көркемдік жетекшісі Ләззат Шушаева қатысты. Кездесу барысында этносаралық татулықтың маңызы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, ұлттық мәдениет пен тілге құрмет көрсету мәселелері сөз болды.
Қазақстан – түрлі этнос өкілдері мекендейтін көпұлтты мемлекет. Сондықтан әр азаматтың ұлтына, тіліне, дініне қарамастан тең құқықтарға ие болуы және қоғам өміріне еркін араласуы маңызды. Елдегі татулық та әр адамның құқығы құрметтеліп, өзара сыйластық сақталған жағдайда нығая түседі.
– Ұлтаралық татулықтың негізі – өзара сыйластық. Әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі, мәдениеті мен тілі бар. Оларды танып-білу және құрметтеу адамдар арасындағы түсіністікті арттырады. Бірлік дегеніміз – барлығының бірдей болуы емес, әр халықтың өз ерекшелігін сақтай отырып ортақ мақсат жолында бірігуі. Сондықтан өзге этностардың мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарау – татулықты сақтаудың маңызды шарттарының бірі, – дейді Ләззат Шушаева.
Кездесуде тіл мәселесіне де назар аударылды. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Мемлекеттік тілді білу және оны күнделікті өмірде қолдану қоғамдағы өзара байланысты нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар еліміздегі өзге этностардың тілдері мен мәдениетін құрметтеу де маңызды. Өйткені тіл мен мәдениетке деген құрмет адамдарды жақындастырып, өзара түсіністікті арттырады.
Жиында ұлтаралық араздықтың алдын алу және заң талаптарын сақтау мәселелері де түсіндірілді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабында әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік және діни араздықты қоздырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл талаптар әр азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға, қоғамдағы татулықты сақтауға бағытталған.
Бұл мәселе, әсіресе, әлеуметтік желілерде өзекті. Жарияланған жазбалар мен пікірлер көпшілікке әсер етіп, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа ықпал етуі мүмкін. Сондықтан әр адам өз ойын білдіргенде өзгелердің ар-намысы мен құқығын құрметтеп, сөзіне жауапкершілікпен қарағаны жөн. Өйткені ұлтаралық татулық тек заң талаптарын сақтаумен шектелмейді. Ол күнделікті өмірдегі қарым-қатынастан, бір-біріне деген құрмет пен түсіністіктен де көрінеді.
Мұндай құндылықтарды жастардың бойына сіңірудің маңызы зор. Өз құқығы мен міндетін білетін, заңды құрметтейтін, айналасындағы адамдарға сыйластықпен қарайтын жас ұрпақ қоғамдағы бірлік пен келісімнің сақталуына өз үлесін қоса алады. Айта кетейік, осындай ақпараттық-түсіндіру кездесулері Екібастұз қаласындағы №36 лицейде, №18 және №24 мектептерде де ұйымдастырылды.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ






