2026 жылғы 1 шілдеден бастап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң күшіне енді. Құжат мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттерін нақтылап, әлеуметтік кепілдіктерін кеңейтуге, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға және бюрократиялық кедергілерді азайтуға басымдық береді.
Екібастұз қаласы әкімдігінің мәжіліс залында заңдағы өзгерістерді түсіндіруге арналған жиын өтті. Басқосуға қала әкімі Аян Бейсекин, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Мадияр Әбілдин, «МИР» медиация және құқық орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Салтанат Қайдарова, құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдардың өкілдері, қала әкімдігінің бөлім басшылары және мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Жиынды ашқан қала әкімі заңдағы өзгерістерді уақытылы түсіндіріп, оларды күнделікті жұмыста дұрыс қолдану керектігін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың жұмысы ең алдымен тұрғындардың мүддесіне бағытталуы керек. Азаматтардың өтінішіне уақытылы жауап беріп, мәселелерін сапалы шешу – халық сенімін қалыптастыратын негізгі факторлардың бірі.
– Мемлекеттік аппарат артық әуре-сарсаңсыз жұмыс істеуі керек. Әрбір өтініштің артында нақты адамның мәселесі тұр. Сондықтан тұрғындарға уақытылы шешім мен түсінікті жауап берілуі қажет. Формальды тәсілге сүйену, негізсіз бас тарту және белгіленген мерзімдерді бұзуға жол берілмеуі керек. Бөлім басшылары қарамағындағы қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыруға және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасына ерекше көңіл бөлуі тиіс, – деді қала әкімі.
Жаңа заң мемлекеттік қызметшілермен қатар, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың басшыларына да бірқатар талап қояды. Атап айтқанда, мүдделер қақтығысының алдын алу, қызметтік әдепті сақтау және тәртіптік жауапкершілікке қатысты нормаларға ерекше мән беріледі.
– Мемлекеттік қызметті атқару патриотизмді, кәсібилікті, ашықтықты, әдептілікті және мінсіз беделді талап етеді. Кез келген құқық бұзушылық пен мүдделер қақтығысына төзбеушілік басты ұстаным болуы тиіс, – деп атап өтті Мадияр Әбілдин.
Тәртіптік жауапкершілікке қатысты өзгерістердің бірі – әрбір құқық бұзушылықты оның сипаты мен мән-жайына қарай қарастыру. Шешім қабылдаған кезде тәртіптік теріс қылықтың ерекшеліктері, оны жасауға әсер еткен жағдайдар, сондай-ақ, жауапкершілікті жеңілдететін немесе ауырлататын факторлар ескерілуі қажет.
Жиында мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен азаматтардың өтініштерін қарау кезінде кездесетін кедергілерге де назар аударылды. Департамент басшысының айтуынша, жүргізілген жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер барысында қызмет көрсету мерзімдері мен тәртібін бұзу, сондай-ақ, азаматтардың өтініштерінен негізсіз бас тарту фактілері анықталған.
Жаңа талаптар осындай олқылықтардың алдын алып, мемлекеттік органдардың жұмысын тұрғындарға қолайлы етуге бағытталған. Мәселен, құжаттардағы қателіктер өтінішті мәні бойынша қарауға кедергі келтірмесе, азаматтарға тек формальды себептермен мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға болмайды. Бұл талап артық бюрократиялық кедергілерді азайтып, тұрғындардың мәселелерін уақытылы шешуге мүмкіндік береді.
Кадр тапшылығы де назардан тыс қалмады. Қазіргі уақытта Екібастұз қаласында мемлекеттік қызмет бойынша 28 бос жұмыс орны бар. Оның тоғызы ұзақ уақыттан бері бос тұр. Мамандардың жетіспеуі бөлімдердегі қызметкерлердің жұмыс жүктемесін арттырып, күнделікті міндеттерді орындауда қосымша қиындықтар туғызады. Осыған байланысты кадрларды іріктеу тәртібін жетілдіру, білікті мамандарды тарту және мемлекеттік аппараттағы жұмыс үдерістерін оңтайландыру мәселелері қаралды.
Заңда мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктеріне де назар аударылған. Жаңа нормаларға сәйкес, лауазымдық жалақыны кемінде үш жылда бір рет индекстеу қарастырылған. Сонымен қатар жыл сайынғы 30 күнтізбелік күнге созылатын ақылы еңбек демалысы, сауықтыруға арналған төлемдер және мемлекеттік қызмет өтіліне байланысты қосымша демалыс мәселелері реттеледі. Демалыс және мереке күндері жұмыс істегені үшін өтемақы төлеу тәртібі де заң аясында айқындалған.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі мемлекеттік қызметтің үлкен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір мемлекеттік қызметші заң талаптарын сақтап, тұрғындармен ашық әрі тиімді жұмыс істеуі қажет. Халықтың сенімі мемлекеттік қызмет сапасының басты көрсеткіші болғандықтан, әр маман өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, қызметтік әдепті қатаң сақтауы тиіс.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ







