Екібастұз қалалық мәслихатының кезектен тыс 51-сессиясында депутаттар қаланы дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған жоспарына енгізілген өзгерістерді мақұлдады. Аталған өзгерістер инвестициялық қызметті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, тұрғын үй құрылысын өркендетуге және қаланың экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар жобаны іске асыруды көздейді.
Жеке қаражат есебінен іске асырылатын осынау инвестициялық жобаларға тоқталсақ, 2027-2030 жылдар аралығында «Есіл инвест» кәсіпорны қонақ үй құрылысын қолға алмақ. Жоба құны – 2 миллиард теңге. Қонақ үй іске қосылғанда, 25-тен аса жұмыс орны ашылады деп болжануда.
Сонымен қатар, 2027-2030 жылдарға логистикалық хабтың құрылысы белгіленген. Көлік инфрақұрылымын дамытуға, логистикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге ықпал ететін бұл жобаға 1 жарым миллиард теңге бағытталып, 20-дан аса адамды жұмыспен қамтымақ.
Жоспарланып отырған тағы бір маңызды жоба – бұрғылау жабдықтарын өндіруге арналған өнеркәсіптік базаның құрылысы. Іске асыру мерзімі – 2027-2028 жылдар, келешекте 10 жұмыс орны құрылуы ықтимал.
Қаланы дамыту жоспарындағы өзгерістер тұрғын үй құрылысын дамыту жайын да көздейді. Нақты айтқанда, Мәшһүр Жүсіп – Бұқар жырау көшелерінің қиылысында тұрғын алаңы 3,9 мың шаршы метр 60 пәтерлі, бес қабатты тұрғын үй салынады. Құрылыс мерзімі – 2027-2028 жылдар.
Депутаттар сессияда, сонымен қатар, қаланың 2026-2028 жылдарға арналған бюджетін нақтылады. Түзетулер бюджет қаражатын қайта бөлуге байланысты жүргізілді.
Облыстық бюджетке 933,4 млн теңге сомасында түзету жасалған, бұған себеп – құрылыс бөлімі бойынша ішкі кредиттік қарыздардың азаюы.
Бұдан басқа, мемлекеттік сатып алудан үнемделген 80,6 млн. теңге мына салаларға бөлінді: экономика және қаржы бөліміне – 32,2 млн теңге; ТҮКШ, ЖК және АЖ бөліміне – 30,0 млн теңге; кәсіпкерлік бөліміне – 13,0 млн. теңге; төменгі тұрған бюджеттерге трасферттер (4-деңгей) – 5,4 млн теңге.
Барлық өзгерістерді есепке алғанда, бюджет көлемі 102 млрд 9,7 млн теңгені құрады.
Ж.АЙТЫШ





