Екібастұз – талай даңқты спортшылармен аты шыққан қала. Бүгінгі күні аға буын майталмандардың сара жолын жалғап, түрлі додада өңір намысын қорғап жүрген өрендер аз емес. Солардың бір шоғыры – Азамат Шакиловтың таэквондо мектебінде жаттығатын жасөспірімдер. Таяуда олар ITF таэквондо бойынша Әлем кубогында қаламыздың мерейін асқақтатты. Осыған орай қала әкімі Аян Бейсекин №3 БЖСМ спорт залында жүлдегерлерге қошемет көрсетті.
– Құрметті жаттықтырушылар, спортшылар, ата-аналар, қадірлі достар!
Бүгін біз Екібастұз қаласының мерейін асқақтатқан айтулы жеңістерді дәріптеу үшін жиналып отырмыз. Жақында Түркістан қаласында таэквондоның ITF түрінен Әлем кубогы өтіп, оған 26 елден 1000-нан астам спортшы қатысты. Осы сайыста 22 спортшы Екібастұз қаласының намысын қорғады. Нәтижелер шынымен де көңілге қуаныш ұялатады: 16 спортшымыз жүлдегер атанып, 20 медаль иеленді, оның ішінде 4 алтын, 6 күміс және 10 қола медаль бар. Әр медаль – күнделікті тынымсыз жаттығудың, тәртіп пен табандылықтың, ата-ана қолдауы мен жаттықтырушылардың еселі еңбегінің нәтижесі. Ең бастысы – бұл жетістіктер Екібастұз қаласының абыройын асқақтатып отыр, – деді қала басшысы.
Таэквондо спорты Екібастұзда 1989 жылдан бері дамып келеді. Бүгінде бұл спортпен 300-ге жуық бала мен жастар айналысуда. Балаларды халықаралық аттестациядан өткен 6 тәлімгер жаттықтырады.
Жаттықтырушылық қызметке 25 жыл уақытын арнаған облыстық ITF федерациясының басшысы Азамат Шакиловты ерекше атап өткім келеді. Ол – жоғары санатты жаттықтырушы, Қазақстан Республикасының спорт мастері, халықаралық дәрежедегі шебер, 7-ші дан белбеуінің иегері. Десе де оның еңбегінің жемісі – шәкірттері. Бүгінде екібастұздық таэквондо мектебінде 3 әлем чемпионы мен 6 Азия чемпионы бар. Халықаралық дәрежедегі 4 спорт мастері мен Қазақстан Республикасының 24 спорт мастері түлеп шықты. Спортшыларымыз әлем және Азия чемпионаттарында, әлем кубоктары мен халықаралық турнирлерде Екібастұздың, қала берді Қазақстанның намысын лайықты қорғады, – деп атап өтті Аян Уахитұлы.
Балалар таэквондомен ақылы негізде және «ARTSPORT» бағдарламасы ұсынған мүмкіндіктер шеңберінде тегін айналысып жүр. 2025 жылдан бері «SHAKIL TEAM» спорт клубында мүгедектігі бар балалар үшін бейімдеу спорты да даму үстінде.
Ал таэквондоның ITF түрінен өткен Әлем кубогына келер болсақ, онда Камила Будаева қола және алтын медаль, Нарбек Қанатов алтын, Ислана Ақтаева қола мен алтын, Әдия Амангелдіқызы алтын медальді жеңіп алды. Жеңімпаздарға Аян Уахитұлы алғыс хат табыстады. Мұндай марапатқа, сонымен қатар, Рената Асабашвили, Арина Дүйсекенова, Нұрсәуле Жанат, Кәмшат Кәрімова, Лина Кириченко, Арлан Құнанов, Диас Омар, Елнұр Рыспай, Алина Самбуева, Ақерке Смақаева, Ахмет Сүлейменов, Әли Ұзханов, Рафаел Чичоян, Расул Шакил, Алина Шакилова, Абдул-Малик Шамсадов та ие болды.
Өз кезегінде таэквондо мектебінің ашылғанына 15 жыл толғанын атап өткен Азамат Шакилов шаһар басшысына мерейтойлық сыйлық тарту етті.
Ж.ӘБДІКӘРІМ







