Марафонның тарихына үңілсек, тамыры сонау көне гректер заманынан бастау алады. Есте жоқ ескі заманда жеңістің хабаршысы болған осы дәстүр бүгінгі таңда жаңаша өмір салтын қалыптастырудың озық үлгісіне айналған. Өзін-өзі шыңдау арқылы жетістікке жететіндердің қатарында жасы ұлғайған аға буын өкілдері де, жас споршылар да бар. Солардың бірі – 20 жасар екібастұздық марафоншы Абай Балташ.
Жас спортшының алғашқы елеулі тәжірибелерінің бірі Екібастұздан Солнечный кентіне дейінгі жолды шамамен үш сағатта жүгіріп өтуі болды. Осы бір сәтті қадамнан соң ол екі досымен бірге Екібастұздан Павлодарға дейін жаяу баруға бел буады. Бастапқыда бұл сапарға велосипедпен шығу жоспарланғанымен, кейіннен жастар өздерін ұзақ жаяу жүрісте сынап көруді ұйғарған.
– Үш күнге созылған 140 шақырымдық сапар оңайға соққан жоқ. Тіпті Қарасор ауылына жеткенде, аптап ыстықтан ішетін суымыз таусылып, алдымызда әлі 4-5 сағаттық ұзақ жол қалды. Содан әлеуметтік желі арқылы көпшіліктен көмек сұрап, хабарлама жаздым. Көп ұзамай Екібастұздан арнайы жолға шыққан жанашыр азамат бізге 8 литр су жеткізіп, еңсемізді көтеріп тастады, – деп еске алды спортшы.
Павлодарға жеткен спортшыларды облыс орталығында қала әкімі мен спорт басқармасының өкілдері салтанатты түрде қарсы алып, зор құрмет көрсеткен екен.
Абай қаламыздағы №36 мектепте оқып, Қаныш Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтының колледжінде автомеханика мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде ол заман талабына сай әлеуметтік желілерде SMM бағытымен де белсене айналысып келеді.
Отбасында төрт ағайынды болып өскен кейіпкеріміздің спортқа деген ынта-ықыласы ағасына еліктеуден оянған. Ағасы Даниял ММА жекпе-жегімен шұғылданған кезде Абай да соңынан еріп, жаттығу залына тұрақты барып жүрген. Десе де 16 жасына дейін спортпен жүйелі түрде айналыса қоймаған ол кейіннен денсаулығында туындаған артық салмақты өз өміріне бетбұрыс жасаудың үлкен себебі ретінде қабылдайды.
Бүгінде Абай түрлі марафондарға белсене қатысады. Оның қоржынында Астана қаласында өткен 42 шақырымдық бәсеке де бар. Алдағы уақытта ол Орталық Азиядағы ең ауқымды жүгіру жарысы –«Almaty Marathon» додасында 42,2 шақырымдық қашықтықта бағын сынамақ.
Спортшымыздың болашақтағы басты мақсаттарының бірі – «Ironman» триатлон жарысын бағындыру. Мұхиттың арғы-бергі бетіндегі алыптар сайысы саналатын бұл сында қатысушылар 3,8 км жүзу, 180 км велосипед жарысы және 42,2 км марафондық жүгіруді еңсеруі тиіс.
Абай спорттың жастар тәрбиесіндегі рөлін де ерекше атап өтеді. Оның пікірінше, адамның мінезі мен өмірлік көзқарасының қалыптасуында отбасы тәрбиесі қаншалықты маңызды болса, спорт сол асыл қасиеттерді шыңдай түседі. Тұрақты жаттығу адамның ішкі тәртібін қалыптастырып, бастаған істі соңына дейін жеткізуге, кез келген қиындыққа сабырмен әрі төзіммен қарауға баулиды.
Қаламыздағы бұқаралық спорттың жай-күйіне тоқталған жас марафоншы қысқы мезгілде жаттығу жасайтын жылы үй-жайлардың, атап айтқанда, манеж бен турник аймақтарының жетіспеушілігін де ашық айтты. Егер қыста жаттығуға қолайлы жағдайлар жасалса, бұқаралық спортпен шұғылданатын жастардың қатары да арта түсері сөзсіз.
– Жастарға айтар кеңесім – спортпен белсенді айналысып, үздіксіз кітап оқыңыздар. Спорт тән мен мінезді, ішкі тәртіпті шыңдаса, кітап ой-өрісті кеңейтеді, – деп түйіндеді сөзін Абай Балташ.
Ділназ Серікбай







