Екібастұзда түрлі этнос өкілдері өзара татулық пен түсіністікті сақтай отырып бірлікте өмір сүріп келеді. Бүгінде қалада 30-дан астам этнос өкілі тұрады. Осыған орай қоғамдық келісім мен этносаралық бірлікті нығайтуға бағытталған жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Жантелиев айтып берді.
Спикердің айтуынша, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуде алдын алу және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары маңызды. Бұл бағытта «Достық үйі» өкілдері, қаланың құрметті азаматтары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, жастар ұйымдарының көшбасшылары мен құқық қорғау органдарының өкілдерінен құралған ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді.
Жыл басынан бері этносаралық араздықтың алдын алуға бағытталған 42-ден астам кездесу өткізіліп, оған 17 мыңнан астам адам қамтылған. Кездесулер ірі кәсіпорындарда, мектептер мен колледждерде, сондай-ақ, ауылдық округтерде ұйымдастырылуда. Онда заң талаптары, өзара сыйластық пен қоғамдық келісімнің маңызы түсіндіріледі.
Этномәдени бірлестіктер де бұл жұмыстарға белсенді қатысып келеді. Қалада жұмыс істейтін 12 этномәдени бірлестік «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан», Birlik Leaders, «Жас саясаткер мектебі» сияқты жобаларға қатысып, түрлі мәдени, патриоттық және қайырымдылық шараларын ұйымдастырады.
– Этномәдени бірлестіктер үшін тіл үйренуге де жағдай жасалған. Қазір неміс, армян және корей тілдері бойынша төрт топта 55 адам білім алуда. Ал қазақ тілі курстарына 210 қала тұрғыны қатысып жүр, – дейді Рауан Қайыпханұлы.
Қоғамдық келісімді нығайту мақсатында қала мен ауылдық округтерде 9 тақырыптық билборд орнатылып, LED-экрандар арқылы бейнероликтер көрсетіледі. Адам көп шоғырланатын орындар мен ірі сауда үйлерінде аудиотрансляция жүйесі жаңартылып, 27 нүктеде толеранттылық тақырыбындағы аудиоджинглдер беріліп тұрады. «SMALL» супермаркеттер желісінде де мұндай аудиоматериалдар күніне 18 рет таратылады. Ал жергілікті БАҚ-та жыл басынан бері осы тақырыпта 35-тен астам мақала жарияланып, 42 сюжет эфирге шыққан. Әкімдік пен қалалық ақпараттық парақшаларда 162-ден астам пост пен бейнеролик жарияланған.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде қазіргі таңда Екібастұзда этносаралық сипаттағы шиеленісті немесе жанжалды жағдайлар тіркелмеген. Қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты сақтау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Ділназ Серікбай






