Екібастұз қаласындағы №26 гимназия-мектебінде жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, болашақ мамандығын таңдауға бағыт-бағдар беретін «Болашақ прокурор» кабинеті жұмыс істейді. Бұл – оқушылардың заң мен тәртіпті терең түсінуіне, құқық қорғау саласының ерекшеліктерімен танысуына және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға мүмкіндік беретін маңызды жоба.
Кабинеттің ашылу салтанатына Павлодар облысының прокуроры Алмат Байшолақов пен Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр қатысып, жаңа бастаманың маңыздылығын атап өткен болатын. Салтанатты шара барысында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін көріністер ұсынылып, мектеп ауласына ағаш отырғызу рәсімі де ұйымдастырылды.
Жобаның басты мақсаты – оқушыларға заңды құр жаттатумен шектелмей, оны күнделікті өмірде қолдануды үйрету. Сондықтан кабинетте теория мен тәжірибе өзара сабақтастық тапқан. Қазіргі таңда жоба жоспарына сәйкес, мектеп қалалық прокуратура және полиция органдарымен бірлесіп әр бейсенбі сайын тақырыптық кездесулер, практикалық тренингтер, пікірталастар, іскерлік ойындар және түрлі алдын алу іс-шараларын өткізеді.
Мұндай кездесулер барысында оқушылар құқық қорғау саласының мамандарына өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауап алады. Сонымен бірге мамандар жасөспірімдерге құқық қорғау органдарындағы қызметтің ерекшеліктері, мамандық таңдау, білім алу және кәсіби даму жолдары туралы кеңес береді.
Мәселен, 1 қыркүйекте оқушыларға құқықтық сабақты қала прокурорының орынбасары өткізіпті. Бұл кездесуде балалар заң талаптарын сақтаудың маңыздылығы жөнінде мағлұмат алған.
«Болашақ прокурор» кабинеті ашылған кезде мектепте заңға қызығушылық танытатын, көшбасшылық қабілеті мен белсенді азаматтық ұстанымы бар 9-сынып оқушыларынан эксперименттік топ құрылған. Мектепте төрт 9-сынып бар, оларда барлығы 35 оқушы білім алады.
Жаңа жобаны тарих пәнінің мұғалімі Талшын Ақшамбаева басқарады екен.
– Кабинетті құру барысында заңға қызығушылық танытатын, көшбасшылық қасиеттері бар және белсенді азаматтық ұстанымы қалыптасқан 9-сынып оқушыларынан эксперименттік топ құрылды. Жоба аясында балалардың құқықтық сауатын арттырумен қатар, олардың болашақ мамандыққа деген қызығушылығын оятуға да ерекше көңіл бөлеміз, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мәдина Алдабергенова.
Бүгінде жобаға қатысушылар түрлі өмірлік жағдайларға құқықтық тұрғыдан талдау жасауды, заңды мінез-құлық қағидаларын сақтауды және өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс түсінуді үйреніп жүр. Олар «Заң және тәртіп» науқанына, пікірталастар мен жағдайлық талдауларға, рөлдік ойындарға белсенді қатысады. Сондай-ақ, кабинетте Екібастұз қаласының прокурорларымен, полиция қызметкерлерімен, судьялармен, адвокаттармен және мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесулер өткізіледі.
Мұндай сабақтар оқушылардың құқықтық білімін тереңдетіп, өз ойын еркін жеткізуіне, пікірін дәлелдеуге, түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдауына ықпал етері сөзсіз.
– «Болашақ прокурор» сыныбы стандартты сыныптан ерекшеленеді. Себебі мұнда тәжірибеге бағытталған тәсіл қолданылады. Оқушылар теориялық білім алып, практикалық тапсырмалар, талқылаулар, жағдайлық және рөлдік ойындар арқылы заңды нақты өмірде қолдануды үйренеді. Сонымен қатар сала мамандарымен тікелей қарым-қатынас жасап, олардың жұмысымен танысады, – дейді Мәдина Берікқызы.
Жобаның тағы бір маңызды бағыты – кәсіби бағдар беру. Жасөспірімдер құқық қорғау саласының түрлі мамандарымен кездесіп, олардың күнделікті қызметімен танысады.
Мәдина Алдабергенованың айтуынша, жоба оқушылар арасында үлкен қызығушылық тудырған. Соның нәтижесінде белсенді оқушылардың «Жас прокурорлар» жазғы кәсіби бағдар беру лагерінде тәлімгер болуына да мүмкіндік туған. Әр сыныптың белсенділері «Мемлекеттік қызметшінің бір күні» науқаны аясында Екібастұз қаласының прокуратурасы мен полициясының жұмысына қатысып, мемлекеттік қызметтің қыр-сырымен жақынырақ танысады.
Осындай тәжірибелер арқылы оқушылар құқықтық білімдерін бекітіп, мемлекеттік қызметтің қоғамдағы орнын түсініп, азаматтық жауапкершіліктің маңызын сезінеді.
«Болашақ прокурор» жобасының ерекшелігі – оның жобаға қатысушы балалармен шектелмей, мектептің өзге оқушыларына да ықпал етуінде. Жоба түлектері бастауыш және орта буын оқушыларына тәлімгер болады. «Тең-теңімен» қағидаты арқылы жоғары сынып оқушылары өз құрдастарына және кіші буынға заңға бағыну, жауапкершілік, адалдық, тәртіп секілді құндылықтарды түсіндіреді. Бұл тәсіл балалардың өзара қарым-қатынасын нығайтып, үлкендердің тәжірибесін кейінгі буынға жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тәлімгер оқушының өзіне де жауапкершілік жүктеп, көшбасшылық қабілетін дамытуға жол ашады.
Жобаның қызметі «Заң және тәртіп» қағидатын және «Адал азамат» бағдарламасын іске асырумен тығыз байланысты. Себебі аталған бағыттар заңды құрметтейтін, жауапкершілігі жоғары, адал әрі елінің болашағына бей-жай қарамайтын азамат қалыптастыруды көздейді.
Практикалық жұмыстар мен түрлі тәрбиелік іс-шаралар барысында оқушылар адалдық, жауапкершілік, мемлекет пен қоғамға құрмет сияқты құндылықтарды бойына сіңіреді.
Мектептегі тәрбие жұмысының тағы бір бағыты – патриоттық тәрбие. Баланың елін, жерін құрметтеуі, Отан алдындағы жауапкершілігін сезінуі күнделікті тәртіп пен еңбектен басталады. Осы тұрғыда әскери дайындық сабақтарының да маңызы зор. Мектепте әскери дайындық пәнінен Бахадбек Баятхан сабақ береді. Ұстаз оқушыларға әскери тәртіп пен саптық дайындықтың қыр-сырын үйретіп, олардың бойында жинақылық, жауапкершілік, ұйымшылдық пен Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға көңіл бөледі. Б.Баятхан дайындаған оқушылар жыл сайын қалалық және облыстық деңгейдегі әскери шерулер мен жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп келеді.
Бүгінгі мектеп оқушысы – ертеңгі маман, мемлекеттік қызметші, заңгер, ұстаз немесе елдің кез келген саласында еңбек ететін азамат. Сондықтан оның бойына заңға құрмет, тәртіп, адалдық секілді қасиеттерді жастайынан сіңіру аса маңызды. №26 гимназия-мектебіндегі «Болашақ прокурор» кабинеті де осы мақсатқа қызмет етіп отыр. Мұнда оқушылар заңды өмірлік жағдайлар арқылы түсінуге, мамандармен кездесіп, тәжірибе жинауға мүмкіндік алады.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ





