Қала әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте ауыл шаруашылығы жұмыстарының барысы мен жолаушылар тасымалын дамыту мәселелері қаралды. Сонымен қатар жиында кадрлық тағайындаулар таныстырылды.
Қала басшысы Аян Бейсекин осы күнге дейін қала әкімі орынбасарының міндетін атқарып келген Жандарбек Төребековтің қала әкімінің кеңесшісі болып тағайындалғанын хабарлады. Ал қалалық мемлекеттік қазынашылық басқармасын Назира Орумбаева басқармақ.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – жолаушылар тасымалын дамыту туралы ТҮКШ, ЖК және АЖ басшысы Мәди Зайкен баяндады.
Бүгінде Екібастұз қаласында жолаушылар тасымалы үшін тоғыз қалалық автобус маршруты ұйымдастырылған. Олар: №№2, 22, 3, 33, 5, 5У, 6, 7 және 9 бағыттары. «Қала – ГО-Надежда» және «Қала – Союз» бағыттарында саяжайға көлік қатынасы қамтамасыз етіледі. Қаладағы маршруттарға 58 автобус қызмет көрсетеді. Соңғы үш жыл ішінде автобус паркі 100 пайызға жаңартылды. Сондықтан алдағы үш жылда қосымша жылжымалы құрам сатып алу жоспарланбайды. Қазіргі кездегі негізгі мәселе – автобустардың жұмысын тиімді ұйымдастыру.
Автобустардың қозғалысы бекітілген кестелерге сәйкес жүзеге асырылады. Қалалық маршруттардағы автобустардың қозғалыс интервалы бағытына қарай 9-20 минутты құрайды. Ал қала-саяжай бағыттарында автобустардың қозғалыс аралығы – 120 минут.
Бүгінге дейін қалалық маршруттарда жеңілдігі бар жолаушылар шамамен 3 миллион рет, ал саяжай бағыттарында 74 мыңнан аса мәрте тасымалданған. Биылғы жылы жасалған шартқа сәйкес қалалық және саяжай бағыттарындағы жолаушылар тасымалына 1,5 млрд теңгеден астам субсидия қарастырылған. Бүгінде Екібастұз қаласындағы жолаушылар тасымалы жүйесі тұрақты жұмыс істеп тұр.
Аян Уахитұлы бөлім басшысына автобус интервалдарын бақылауда ұстауды, айына не тоқсанына бір мәрте жолаушылар ағынын тексеруді тапсырды.
Г.МЕДЕУБАЙТЕГІ





