Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егін жинау және мал азығын дайындау жұмыстарын аяқтады. Қазіргі уақытта картоп жинау, күнбағыс жинауға дайындық, алдағы жылғы өнімге арналған тұқым қорын қалыптастыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Азамат Көпежанов айтып берді.
– 2026 жылы Екібастұз қаласында жалпы егіс алқабы 25 848,3 гектарды құрады. Бұл 2025 жылғы көрсеткіштен 3,2%-ға артық. Егіс алқабында негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіру көлемі ұлғайды. Бидай алқабы – 5 500 гектарға дейін, арпа – 2 850 гектарға дейін, сұлы 210 гектарға дейін арттырылды. Қазіргі кезде дәнді дақылдарды жинау жұмыстары толық аяқталды, – деді бұл туралы бөлім басшысы.
Бөлім басшысының мәліметіне сәйкес, картоп алқабы да айтарлықтай ұлғайған. Оның көлемі 3 974 гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 40,1%-ға артқан. Бүгінде 3 670 гектардан, яғни, жалпы алқаптың 92,4%-ынан өнім (11,1 мың тонна) жиналыпты. Қалған 304 гектардағы картопты жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл, сондай-ақ, көкөніс алқабы да артып, 247 гектарға жеткізіліпті.
– Өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақсатында биыл 3 190 гектарға майлы дақылдар егілді. Соның ішінде алғаш рет 700 гектарға зығыр себілді. Зығыр жинау жұмыстары толық аяқталып, гектарына орташа алғанда 5 центнерден өнім жиналды. Жалпы 350 тонна зығыр алынды, – деді А.Көпежанов.
Егінді жинау және мал азығын дайындау жұмыстарын қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 806 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Биыл тыңайтқыш сатып алу жоспары да артығымен орындалыпты.
Шаруашылықтар келесі жылғы егіс науқанына дайындықты да бастап кеткен. 2027 жылғы өнімге арналған тұқым қорын қалыптастыру үшін барлығы 9 885 тонна тұқым дайындау жоспарланыпты. Бүгінге дейін 624 тонна дәнді дақылдар тұқымы және жоспарланған 48 тоннаның 35 тоннасы көлемінде майлы дақылдар тұқымы, тұқымдық картоптың 91%-ы дайындалған.
Мемлекеттік қолдау шаралары аясында «Кең дала-2» бағдарламасымен 2025-2026 жылдары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жалпы сомасы 620,5 млн теңге болатын 5 несие берілген. Соның ішінде ағымдағы жылы 4 кәсіпкерге 449,5 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген.
Бөлім басшысы «Тұрсынбаева Б.С.» ЖК қолға алған тамшылатып суару жүйесін атап өтті. Кәсіпкер 260 гектарға картоп, 390 гектарға күнбағыс егіпті.
Биыл қысқа қажетті азық қорын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мал азығын дайындау жоспары 100%-ға орындалған. Олардың едәуір бөлігі лимандық суару алқаптарында әзірленген.
Г.ҚУАТҚЫЗЫ





