Екібастұз өңірі талай мықты спортшыны тәрбиелеп, ел намысын халықаралық додаларда абыроймен қорғап жүрген чемпиондарымен танылып келеді. Қаламыздың спортшылары соңғы жылдары республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, еліміздің мерейін үстем етіп жүр.
Осындай спортшылардың еңбегін атап, оларға қолдау көрсету мақсатында «NAR-TRANS» ЖШС-нің қолдауымен «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында Екібастұз өңірінің бірқатар спортшылары мен жаттықтырушыларын марапаттау рәсімі өтті.
Жиында қала әкімі Аян Уахитұлы спортшыларды құттықтап, әрбір жеңістің артында тынымсыз еңбек жатқанын атап өтті.
– Бүгінде қаламыздың спортшылары республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Мұның артында көпжылдық дайындық, қажырлы еңбек және чемпионға тән мінез жатыр. Спортшыларымыздың биіктерді бағындыруы өскелең ұрпаққа да үлкен үлгі. Осы бағытта аянбай еңбек етіп жүрген спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымызға алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, спортшыларымызға қолдау көрсетіп келе жатқан «NAR-TRANS» компаниясына ерекше ризашылығымды білдіремін. Мұндай қолдау олардың биік белестерді бағындыруына мүмкіндік береді, – дейді қала әкімі.
Қала әкімінің құттықтауынан кейін марапаттау рәсімі жалғасты. Жиында жуырдағы жеңістерімен Екібастұздың абыройын асқақтатқан екі спортшыға 1 миллион теңгелік ақшалай сертификат табысталды. Олар – дрифттен Азия кубогының чемпионы Олег Хридочкин және халықаралық ММА «Alash Pride» лигасының чемпионы Расул Хатаев.
Сонымен қатар еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер Наиль Сұлтанов, Асылхан Қуат, Имран Қайыр, Қазақстан Республикасының кадеттер арасындағы чемпионатының жүлдегерлері Савелий Бугров пен Ибрахим Казанцев марапатталды.
Спортшыларды дайындап жүрген жаттықтырушылар да құрметке ие болды. Олардың қатарында еркін күрестен жаттықтырушы Михаил Цыбанев, Алексей Сергеев, бокс жаттықтырушылары Виталий Дюбченко мен Дмитрий Годфрид бар.
Марапатталғандардың қатарында спорттық акробатикадан Қазақстан Республикасының спорт шебері Әли Амангелді де болды. Ол – 2025 жылы Үндістанда өткен Азия чемпионатының жеңімпазы, 2026 жылы Италияда өткен әлем чемпионатының финалшысы.
Күрестен Қазақстан Республикасының спорт шеберлері, Азия чемпионатының күміс жүлдегерлері Камила Апекова мен Арина Абдуллина, каратэші Гүлім Киматулла мен Алана Гордеева да ақшалай сертификаттарға ие болды.
Салтанатты шарада сөз алған «NAR-TRANS» ЖШС-нің құрылтайшысы Ризван Цинаев спортшыларды жетістіктерімен құттықтап, алдағы жарыстарда толағай табыстар мен жаңа жеңістер тіледі. Компания тарапынан көрсетіліп отырған мұндай қолдау – өңір спортының дамуына және жас спортшылардың үлкен мақсаттарға ұмтылуына жасалған маңызды қадам.
Ел намысын абыроймен қорғап, Екібастұздың көк туын биікте желбіретіп жүрген чемпиондарымызға алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз!
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ







