28 қыркүйек – құтырмамен күресудің дүниежүзілік күні. Осыған орай Екібастұз өңірінде құтырманың алдын алу мәселесіне арналған брифинг өтті. Брифингте санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бөлімінің бас маманы Зоя Абденова өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталды.
Оның айтуынша, Екібастұз өңірінде биыл адамдар арасында құтырма ауруының дерегі тіркелген жоқ. Дегенмен жануарлардың адамдарды тістеу фактілерінің көбеюі алаңдаушылық туғызады.
Жыл басынан бері жануарлардың тістеуіне байланысты 364 адам медициналық көмекке жүгінген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,2 пайызға көп. Оның ішінде 231 адамды қаңғыбас жануарлар тістеген. Өткен жылы мұндай жағдай 181 адамда тіркелген болатын.
Жануар тістеген 364 тұрғынның барлығына құтырмаға қарсы вакцина тағайындалыпты. Вакцина алған адамдар арасында реакциялар мен асқынулар тіркелмеген. Алайда төрт тұрғынның екпеден бас тартуы мамандарды алаңдатып отыр.
Құтырма – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын, алдын алу шаралары уақытында жүргізілмеген жағдайда өлімге әкелуі мүмкін аса қауіпті жұқпалы ауру. Вирустың негізгі табиғи көзі – жабайы жануарлар. Ал үй жануарларының ішінде иттер мен мысықтар қауіп тудыруы мүмкін.
Ауру адамға құтырған немесе күдікті жануардың тістеуі, тырнауы, оның сілекейінің зақымдалған теріге немесе шырышты қабатқа түсуі арқылы жұғады. Сондықтан уақыт жоғалтпай, медициналық көмекке жүгіну маңызды.
Егер адамды белгілі бір үй жануары тістеген болса, жануар ветеринариялық бақылауға алынып, 10 күн бойы бақылауда ұсталады. Осы кезеңде оның құтырған-құтырмағаны анықталады. Дегенмен мамандар жануарды өз бетінше бақылап, дәрігер ұсынған вакциналаудан бас тартуға болмайтынын ескертеді.
Құтырмаға қарсы вакциналауды мүмкіндігінше алғашқы 24 сағат ішінде бастау қажет. Алғашқы үш доза белгіленген схема бойынша – 0, 3 және 7-ші күндері енгізіледі. Қажет болған жағдайда пациентке антирабиялық иммуноглобулин де тағайындалады.
Мамандардың айтуынша, құтырмаға қарсы екпелер тегін жүргізіледі. Вакциналауға медициналық қарсы көрсетілімдер жоқ. Екпе енгізілген жерде ауырсыну, қызару, ісіну немесе қышу сияқты жергілікті реакциялар, сирек жағдайда дене қызуының көтерілуі мен әлсіздік байқалуы мүмкін.
Өңірде үй жануарлары арасында құтырманың төрт жағдайы тіркелген. Мұндай жағдай анықталған кезде ауру жануармен байланыста болған адамдарға, қажет болған жағдайда көршілеріне де профилактикалық екпе алу ұсынылады.
Мамандар тұрғындарға жануарлармен қарым-қатынаста барынша сақ болуды ескертеді. Әсіресе қаңғыбас және мінез-құлқы өзгерген жануарларға жақындамаған жөн. Үй жануарларын уақытылы ветеринариялық тексеруден өткізіп, құтырмаға қарсы вакциналау аурудың алдын алуда аса маңызды.
Жануар тістеген немесе оның сілекейі жараға тиген жағдайда «өзі жазылып кетер» деп күтуге болмайды. Мұндай кезде бірден травматологиялық бөлімшеге бару қажет. Онда жараға алғашқы медициналық өңдеу жүргізіліп, қажет болған жағдайда хирургиялық көмек көрсетіледі.
Бүгінде Екібастұз өңірінде адамдар арасында құтырма жұқтырған жағдай тіркелмеген. Алайда үй жануарлары арасында аурудың төрт фактісі анықталуы және жануар тістеуіне байланысты медициналық көмекке жүгінушілер санының артуы сақтық шараларын күшейтудің маңызды екенін көрсетіп отыр.
КЕНЖЕ ҚУАТ






