Жас буын ана тілдің қадірін біліп өссе ғанибет. Ол үшін туған тілді жетік меңгеру, сөз мәйегін ұға білу – шарт. Қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен «Атамұра» мәдениет орталығы ұйымдастырған «Алтын қақпа» қалалық әдеби-музыкалық, лингвистикалық командалық сайыс осындай мақсатты көздеп, оған 10 мектептің командалары қатысты.
«Самғау» балалардың шығармашылық орталығында өткізілген сайыста қатысушылар төрт кезеңде бақ сынады. «Алтын сөз» кезеңінде экрандағы ұяшықтарға жасырылған сұрақтарға мүдірмей жауап беру керек болды. Бұл жолы №№26, 22, 18 мектептер мен №25 қыздар гимназиясы командалары үш сұраққа да толық жауап берді. Мәселен, соңғысы «Менің атым Қожа» хикаятындағы Қожаның мұғалімі Майқанова, Сайын Мұратбековтің «Жусан исі» хикаяты кейіпкері Аян екенін дөп айтып, Ілияс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасын дұрыс тапты.
Екінші кезеңде сайыскерлер музыкалық шығарманың үзіндісін тыңдап, әннің аты мен авторын атауға тиіс еді. «Әуенді тап» кезеңі оқушылар үшін күрделі болып шықты. Он команда арасынан №11, №26, №18 мектептер командалары ғана сүрінбей, «Атамекен», «Рух» және «Балқадиша» әндерін әуендерінен-ақ жаңылмай тапты. Ал «Сәулем-ай», «Балапан қаз», «Қараторғай» сияқты халық әндерін жас буын біле бермейді екен.
«Тіл – қазына» деп аталған үшінші кезеңде оқушылар берілген мақал-мәтелдердің жалғасын табуға, жұмбақтарды шешуге, сөздерден сөз тіркестерін құрауға міндеттелді. Сайыскерлер мақал-мәтелге жүйрік екен, «Ата көрген оқ жонар…», «Дос жылатып айтады…», «Көп сөз – көмір, …» тәрізді мақал-мәтелдер дұрыс жалғастырылғанымен, «Бірінің ізін бірі басады, Біріне жеткізбей, бірі қашады», «Бір ғана есігі бар, жүздеген тесігі бар» жұмбақтары шешілмеді. Сонымен қатар, «Өгіз аяң», «Көзге түртсе көргісіз» сөз тіркестерінің мағынасын түсіндіруде де сайыскерлер қиналды. Десек те аталмыш кезеңде №11, №22, №18, №26 мектептер көш бастады.
«Алтын қақпа» кезеңінің тапсырмалары өлеңдерді мәнерлеп оқу, қанатты сөздер құрастыру болды. Бұл жолы №17, №22 мектептер мен «Зерде» мектебі командалары білімпаздық көрсетті.
Енді сайыс нәтижесіне келсек, І орынды №26 мектеп, ІІ орынды №11 мектеп және ІІ орынды №18 мектеп иеленді. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Ал №22 мектепке жүлделі үшінші орынға ілігуге бір ұпай ғана жетпей қалды. Дегенмен жүлделі болмаған білім мекемелерінің командалары да арнайы аталымдарда марапатталып, ақшалай жүлделер тапсырылды.
«Білім деген байлық бар, Жас күніңде жиып ал…» деп ақын Өтебай Тұрманжанов жырлағандай, оқушылардың таным деңгейін көтеруге, білімді болуға талпыныстары құптарлық. Осы орайда, «Алтын қақпа» сияқты сайыстар балалардың білімін саралауға мүмкіндік береді.
Ж.ЖӘЛЕЛҰЛЫ







