Өткен жұмада «Самғау» балалар шығармашылық орталығында «Мемлекеттік тіл – бірегейліктің негізі» тақырыбында семинар-конференция өтіп, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО қызметкері, PhD доктор Айгерім Қожахмет қаламыздың мектептері мен балабақшаларының қазақ тілі пәні мұғалімдеріне, қала кәсіпорындарының тіл мамандары мен аудармашыларына баяндама жасады.
Баяндамашы қазақ тілі сабақтарында қолданылатын заманауи әдістемелерге тоқтала келе, «Тіл – Қазына» ҰҒПО өнімдерінің ресми құжат тілін жетілдірудегі мүмкіндіктері жайлы әңгімеледі.
Мәселен, орталық әзірлеген қазақ тіліндегі құжаттардың электронды қоры – Qujat.kz мемлекеттік тілдегі құжат үлгілерін табуға мүмкіндік береді. Яғни, қазақша құжат ресімдегісі келген адам осы сайтқа кіріп, ондағы дайын тұрған 427 құжаттың ішінен өзіне қажетті үлгіні тауып, өз жағдайына бейімдеп толтырады. Құжат үлгілері сайтта «Отбасы» (40 құжат), «Азаматтық, миграция және иммиграция» (19 құжат), «Әлеуметтік қамтамасыз ету» (58 құжат), «Денсаулық сақтау» (9 құжат), «Көлік және коммуникациялар» (21 құжат), «Құқықтық көмек» (22 құжат), «Білім» (67 құжат), «Жылжымайтын мүлік» (30 құжат), «Консулдық қызметтер» (23 құжат), «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамтылу» (52 құжат), «Кеден және салықтар» (17 құжат), «Әскери есеп және қауіпсіздік» (22 құжат), тағы басқа салаларға бөлініп берілген. Хат, қызметтік хат, анықтама, баяндау хат, түсініктеме, акт сияқты күнделікті жұмыс барысында кездесетін ақпарат беру, мәселе көтеру және белгілі бір фактіні рәсімдеу үшін қолданылатын құжаттар үлгілері Qujat.kz-те самсап тұр. Ереже, нұсқаулық, жоспар, бағдарлама сияқты ұйымның жұмыс тәртібі мен негізгі бағыттарын белгілейтін құжаттарды, сонымен қатар, өкімдік сипаттағы бұйрық, өкім, шешім сияқты басқарушылық шешімді ресімдеуге арналған құжаттар үлгілерін ресімдеуді де осы жерден үйренуге болады.
«Тіл-Қазына» ҰҒПО-ның тағы бір электронды өнімі – Termincom.kz –терминдерді іздеу және бекітілген нұсқасын анықтауда таптырмас көмекші. Бұл сайттан терминнің саласын және қолданысын қарап, терминдер хронологиясы мен терминологиялық материалдарды зерделей аласыз. Сонымен қатар, терминологиялық алаңдағы пікірталастармен танысу мүмкіндігі бар.
«Тіл-Қазына» ҰҒПО әзірлеген тағы бір электронды ресурс – Emle.kz сөздің дұрыс жазылуын көрсетіп, ережелермен таныстырады, орфографиялық сауаттылықты арттыруға ықпал етеді.
Ал Sozdikqor.kz-те күмән тудырған сөз мағынасын нақтылап, Qazcorpora.kz-те сөздердің қолданысын тексере аласыз.
abai.institute сайты виртуалды қонақтарын «Қазақ тілін әлемнің кез келген жерінен үйреніңіз!» деп қарсы алады. Бұл жерде тіл үйренуге ниетті адам алдымен тест тапсырып, өзінің тілді білу деңгейін анықтай алады. Мұнда бейнесабақтар шоғырланған.
«Тіл-Қазына» ҰҒПО-ның сайтында Atau.kz ономастика базасы да бар екен. Бұл ресурстан ономастикалық салада өзіңізді қызықтырған ақпаратты таба аласыз. Мақаланы жазу барысында осындағы іздеу ұяшығына «Шорманов» деген сөзді теріп едім, Қазақстанның үш елді мекенінен Шорманов атымен аталған үш көше тізіліп шыға келді – бұл мәліметке электронды карта қоса ұсынылған.
Бір сөзбен айтқанда, «Тіл-Қазына» ҰҒПО қазақ тілін дамыту жолында жүйелі де ыждағатты жұмыс атқарып жатқанына аталған электронды ресурстарды шола отырып көз жеткізуге болады. Айгерім Қожахмет өткізген сабақтан осыны түсіндік.
ЖАНАРГҮЛ ҚАДЫРОВА





