Мүмкіндігі шектеулі болса да, өз кәсібінен нәсіп тауып жүрген жандар аз емес. Бірі спортта бағын сынаса, енді бірі жеке кәсібін бастап, сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып жүр. Арасында қолөнермен айналысып, өз туындыларын жасап жүргендер де бар. Солардың бірі – екібастұздық Екатерина Бойко.
Мүгедектер арбасына таңылғанына қарамастан, Екатерина қолөнерден өз жолын тапқан. Ол гипстен түрлі сәндік бұйымдар жасап, тапсырыстар қабылдайды. Сонымен қатар осы бағытта шеберлік сабақтарын өткізіп, жинаған тәжірибесін өзгелермен бөлісіп жүр.
Екатерина 2024 жылы Екібастұзда ұйымдастырылған «Красота без границ» байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Сол кезде ол өзінің шығармашылық студиясын ашу туралы арманын да айтқан еді. Бүгінде сол арманның алғашқы қадамдары жасалып, Екатерина өз шеберлігін өзгелерге үйретіп жүр.
Екібастұзда туып-өскен ол бала кезінен шығармашылыққа жақын болды. Музыка мектебінде фортепиано сыныбында білім алып, кейін Ресейдің Омбы қаласында мәдениет және өнер колледжін тәмамдады. Адамдармен жұмыс істеуге, түрлі шаралар ұйымдастыруға қызығушылық танытқан Екетерина кейін экономика саласында да білім алды. Алайда алты жыл бұрын денсаулығына байланысты жүріп-тұру мүмкіндігінен айырылып, мүгедектер арбасына отырды. Белсенді өмірге үйренген адам үшін бұл оңай сынақ болған жоқ. Бірақ дәл осы кезеңде Екатерина өзіне жаңа қызығушылық тауып, шығармашылыққа қайта бет бұрды.
– Сол кезде гипс декорына қызығушылық таныта бастадым. Интернеттен түрлі бұйымдарды көріп, «өз қолыммен жасап көрсем қалай болады?» деген ой келді. Содан бастап осы бағытты өз бетімше үйренуге кірістім. Бейнесабақтар арқылы түрлі әдістерді зерттеп, біртіндеп тәжірибе жинадым. Үйден шықпай-ақ білім алуға мүмкіндік берген онлайн сабақтар маған көп көмектесті, – дейді Екатерина.
Екатеринаның айтуынша, шығармашылық оған қиын кезеңнен өтуге, өмірге деген қызығушылығын қайта табуға көмектескен.
– Шығармашылық менің өмірімде ерекше орын алады. Кейде адамның көңіл күйіне бір әдемі дүние жасау, қолыңнан бір нәрсе келетінін сезіну де жақсы әсер етеді. Гипспен жұмыс істеген сайын жаңа идеялар пайда болады. Ең бастысы, өзіңді қажет сезінесің. Сондықтан қазір жинаған тәжірибемді басқа адамдармен бөлісіп, оларды да шығармашылыққа қызықтырғым келеді, – дейді ол.
Бүгінде Екатерина гипстен шағын сәндік бұйымдардан бастап көлемді композицияларға дейін жасайды.
Оның алдағы мақсаты – гипс декорын одан әрі дамытып, шеберлік сабақтарының аясын кеңейту. Ең бастысы, шығармашылықпен айналысқысы келетін жандарға есігі ашық, жаңа идеяларға шабыт беретін орта қалыптастыру.
Ділназ Серікбай







