Халықаралық қарттар күнінде «Өнер» мәдениет сарайында аға буын өкілдері үшін «Қазыналы қарттарым – асыл қазынам» атты концерттік шара ұйымдастырылды. Қала әкімі Аян Бейсекин сөз сөйлеп, қарияларды құттықтады:
– Дана халқымыз «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – парыз. Себебі қариялар – кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін ақылшы. Сондықтан сіздерге деген сый құрмет ешқашан толастамақ емес.
Бұдан әрі ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерге арналған ән-биге кезек берілді. Концерт шымылдығын Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың әншісі Дәурен Төлеубаев «Сағындым сені», «Любов настала» әндерімен ашты. Мерекеге арнайы шақырылған тағы бір өнерпаз – «Каспий» тобының әншісі Айбар Серкебаев. Оның орындауындағы «Ақ гүлім», «Армандастар» әнін залдағылар қосыла шырқады.
Кеш барысында қаламыздың өнерпаздары: Гүлнәр Асанбаева, Екатерина Селина, «Тұмар» аспаптық-вокалдық тобы, Наталья Хитрик, Ольга Ли, Айнұр Нүркетаева, Мансұр Жұмабаев, Регина Козыкова, Нұрым Әлжаппаров ән айтып, «Гауһартас» вокалдық тобы «Көрұғлы» күйін, Сүгірдің термесін орындап, кештің шырайын кіргізді. Көрермендер әсем әнге қосыла би билеп, көңіл көтерді.
* * *
1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл – аға буынға құрмет көрсетіп, олардың еңбегін бағалап, ізет білдіретін ерекше мереке. Екібастұз өңірінде де бұл күн жыл сайын кеңінен аталып, қазыналы қарияларға ерекше ілтипат көрсетіледі.
Биыл да айтулы күнге орай қаладағы «Атамұра» мәдениет орталығының дәмханасында аға буын өкілдері бас қосып, мерекелік дастархан жайылды. Жылы жүздесу ізгі тілектер мен әсем ән-күйге ұласып, қарияларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Шара барысында қала әкімі Аян Бейсекин аға буын өкілдерін төл мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
– Қазақта «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген жақсы сөз бар. Қоғамның орта буыны ретінде сіздердің белсенділіктеріңізді көріп, қуанамыз. Қалалық ардагерлер кеңесі де кейінгі ұрпақа бағыт-бағдар беріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Сіздер мол тәжірибелеріңізді бөлісіп, ақыл-кеңестеріңізді айтып, қаламыздың дамуы жолындағы бастамаларға қолдау көрсетіп келесіздер. Бұл – кейінгі буын үшін үлкен өнеге, – деді қала әкімі.
Бүгінде Екібастұз өңірінде 20 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олардың арасында қоғамдық өмірге белсене араласып, түрлі бастамаларға атсалысып жүрген жандар аз емес. Аға буынның белсенділігін арттыру мақсатында облыс басшылығының қолдауымен биыл «Белсенді ұзақ өмір» орталығын ашу жоспарлануда. Мұнда зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтып, шығармашылық және қоғамдық белсенділігін арттыруына жағдай жасалмақ.
Мерекелік жиында қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраев пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов та сөз алып, аға буын өкілдерін мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Кештің сәнін «Мұрагер» тобының әуезді күйлері мен өнерпаздардың орындауындағы әсем әндер келтірді. Әнші Дәурен Төлеубаевтың орындауындағы халық әндері жиналғандарға ерекше көңіл күй сыйлап, мерекелік басқосудың ажарын аша түсті.
Кеш соңында ақсақалдар көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын берді.
Кенже ҚУАТ
Ділназ Серікбай








