Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте биылғы шомылу маусымының қорытындысы шығарылды. Төтенше жағдайлар басқармасының маманы Ерасыл Қаратай биыл су айдындарында 2 адам көз жұмғанын айтты.
ТЖ маманының айтуынша, биыл суға батып қайтыс болған жандардың екеуі де ер адам. Салыстырмалы түрде алсақ, өткен жылы суға кетудің төрт фактісі тіркелген.
Шомылу маусымында қауіпсіздік талаптарын сақтамаған азаматтарға шаралар қабылданды. Осылайша белгіленбеген орындарда шомылған 136 адамға әкімшілік айыппұл салынған.
Қазіргі таңда өңірде шомылуға рұқсат етілмеген 11 суқойма бар. Қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау мақсатында әр сенбі және жексенбі күндері су айдындарында рейдтік іс-шаралар жүргізілген.
– Рейд барысында тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, жазатайым оқиғалардың алдын алу жұмыстары атқарылды. Сонымен бірге азаматтарға қауіпсіздік талаптары көрсетілген жаднамалар таратылды, – дейді Ерасыл Ертайұлы.
Г.ҚУАТҚЫЗЫ






